Енді шетелдік спортшыларға бюджеттен қаражат бөлінбейді. Қазақстан Республикасының азаматтары саналмайтын спортшыларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салатын заң жобасын Сенат депутаттары бүгін бірінші оқылымда мақұлдады. Ал, олардан үнемделген қаражат спорт саласында қалады. Кейін министрлік бұл қаржыны балалар мен жасөспірімдер спортына бөлуді жоспарлап отыр. Айта кетсек, бүгінде жергілікті және республикалық бюджеттен спортты дамытуға деп 400 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатты да үнемдеп, ақшаны балалардың спорт мектебіне және футбол академиясы сынды салаларға жұмсаймыз деп отыр жауапты министрліктің өкілдері.
ӘСЕМ РАХМЕТОВА ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: «Спорттық іс-шараларға және халықаралық спорттық жарыстарға жіберу кезінде бірінші топтағы мүгедектігі бар спортшыны алып жүретін адамның шығындарын өтеу жөніндегі заңнамалық талап белгіленді. Бұдан басқа, спорттық медицинаны дамытуға бағытталған нормалар көзделген. Спортшылардың мамандандырылған медициналық көмегін қамтамасыз ету, сондай-ақ спорттық медицина және оңалту саласында заманауи технологияларды енгізу мақсатында ұлттық спорттық медицина және оңалту ұйымын мемлекеттік кәсіпорын нысанында құру ұсынылады. Заңмен спортшылар мен жаттықтырушыларға Мемлекеттік әлеуметтік қолдау көрсету тәртібіне де өзгерістер енгізілді. Бұл ретте, Қазақстан азаматы болып табылатын және еліміз аумағында дене шынықтыру және спорт саласында кемінде жиырма жыл еңбек өтілі бар, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері және (немесе) олимпиадалық спорт түрлері бойынша Әлем чемпиондары атақтарын жеңіп алған спортшылар».