"

Жалғыз баспанасынан айырылған саяжай тұрғындарына да қолдау көрсетілетін болады. Бүгінгі таңда, тасқыннан зардап шеккен аймақтағы әкімдіктермен жаңа құрылысқа жер учаскелерін таңдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ақтөбе облысында үй салу бойынша жұмыстар басталды, ал Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстарының тұрғындарына дайын жаңа баспана кілттері беріліп жатыр. Бұл жұмыстар басқа да өңірлерде жалғасатын болады деді жауаптылар. 

Су тасқыны халықты әбден әбігерге салды. Үй-жайы мен ертеңіне алаңдаған ел азаматтары бар үміт тек үкіметте деп отыр.  Тасқын басталғалы 10 облыста 41 төтенше жағдай жарияланған. Мұндай табиғи апат бұрын-соңды елімізде болмаған. 

БАУЫРЖАН СЫЗДЫҚОВ ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ВИЦЕ-МИНИСТРІ: «Қазіргі таңда Атырау, Батыс, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Ресейдің Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне ағызған судың салдарынан батыста жағдай күрделене түсті, ал солтүстікте су Ақмола облысынан келіп жатыр. Абай, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола және Қостанай облыстарында жағдай тұрақты, жергілікті өзендердегі су деңгейі біртіндеп төмендеуде. Бұл өңірлердегі елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Бүгінгі таңда 5 мыңнан астам тұрғын үй, 16 мыңнан астам саяжай, бір мың аула аумағы мен 91 ғимарат су астында қалып отыр».

Халықтың үмітін үкімет ақтай ма? Бүгін министрлер кабинеті күн тәртібінде су тасқынынан зардап шеккен халыққа қандай көмек көрсетілетінін талқылады. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Кеше мен тиісті қаулыға қой қойдым. Қазіргі таңда 11 мыңға жуық отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем алды. Бұл – үлкен жұмыстың басы ғана. Оған қосымша тағы 150 айлық есептік көрсеткішке дейін төлейтін боламыз. Оған адамдар тоңазытқыш, үстел, орындықтар, ыдыс-аяқ, киім-кешек сияқты бүлінген бірінші кезектегі қажетті заттарды сатып ала алады».

Үкімет басшысы жағдай тікелей Президенттің және өзінің бақылауында екенін айтып сендірді. Тасқыннан зардап шеккен кәсіп иелері де назардан тыс қалмайды деді ол. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:«Азаматтарға айтатыным, сабырлық сақтаңыздар. Ешкім де көмексіз қалмайды. Бұл мәселелердің барлығы Президенттің және менің жеке бақылауымда. Сондықтан біз осы сынақтан абыроймен өтеміз деп білемін».

Айтпақшы, мемлекет су тасқынынан бүлінген үйдің орнына жаңасын  салуға деп берілетін  22 млн теңгені әркімнің қолына ұстата салмайды. Тұрғындар өздері таңдау жасайды. Жаңадан үй немесе пәтер алу халықтың өз қалауында. Яки, үйін қайта тұрғызады немесе әкімдіктер қайталама нарықтан пәтер алып береді. Осы екі таңдаудың бірін пайдалануға болады. Ал жөндеу жұмыстарын әкімдік құрылыс компаниясына жүктей алады немесе бірнеше өңірде әкімдік шешімімен баспананы қалыпқа келтіру шығынын жұртшылықтың қолына береді.