Елімізде болып жатқан ғылым мен білім бағытындағы оң өзгерістер егеменді еліміздің бүгінгі таңда білім беру жүйесін дамытуда біршама табыстарға қол жеткізіп келе жатқаны анық.
Қазіргі кезеңдегі ғылым мен техниканың даму қарқыны өте жылдам, осы негізде жеке тұлға тек қажет ақпараттарды қабылдауы керек. Жаһандану заманында толастаған ақпараттардың көптігі білім беру саласында жаңа технологиялық әдістерді енгізуге ықпал етуде. Қоғамның даму кезінде білімнің қарқынды алға қарай жылжуымен ескі технологиялық идеялардың жылдам өзгеруімен, инновациялық жаңашылдыққа көшуге қалыпты жағдайлардың біріне айналып келеді. Еліміздегі білім беру саласындағы түрлі өзгерістер, қол жеткізетін табыстарға жаңаша қараумен қатар, сыни көзбен бағалай отырып саралауды талап етеді.
Қазіргі – заман ғылым мен білімнің қарқынды дамыған дәуірі. Ақпараттар тасқыны толастаған, технология күн сайын жаңарып жатқан шақта адамзат өркениетінің алға жылжуына үлес қосып жүрген жас ғалымдардың орны ерекше. Олар – тың идеялардың авторы, жаңашылдықтың бастауы, болашақтың сенімді тірегі. Бүгінде жас зерттеушілер білім мен ғылымның көкжиегінде жаңа жаңалықтар ашып; қоғам дамуына серпін беріп келеді.
Жас ғалымдардың басты ерекшеліктері – жаңашыл, батыл шешім қабылдау және үздіксіз ізденіс. Олар дәстүрлі ғылыми көзқарастармен шектелмей; тың бағыттарға бет бұрады, заманауи әдістерді қолданады, күрделі мәселелерге жаңаша көзқараспен қарайды. Соның нәтижесінде медицина, биотехнология, жасанды интеллект, экология, энергетика, лингвистика және әлеуметтік ғылымдар саласында маңызды жаңалықтар дүниеге келуде. Ғылыми зерттеулерде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас ғалымдары да өз үлестерін қосуда. Бұл жетістіктер тек ғылым үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін аса құнды.
Елімізде жас ғалымдарды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ғылыми гранттар, халықаралық тағылымдамалар, стартап-жобалар мен инновациялық байқаулар – жастардың әлеуетін арттыратын маңызды құралдар. Осындай мүмкіндіктердің арқасында көптеген жас зерттеушілер өз идеяларын жүзеге асырып, әлемдік ғылыми кеңістікке шығуда. Ғылыми-инновациялық саладағы белсенділік пен халықаралық жобаларға қатысып, ғылыми жұмыстарын ұсынуда ҚазҰУ-дың жас ғалымдары да өз үлестерін қосуда. Академиялық ұтқырлықты кеңейту, бірлескен білім беру бағдарламалары іске асыру нәтижесі ҚазҰУ-дың жас ғалымдарына ғылым жолында көптеген мүмкіндіктерді ашуда.
Жас ғалымдардың табандылығы мен шығармашылық ізденісі – ғылымды дамытудағы басты көрсеткіштердің бірі. Олар тек ғылыми жаңалық ашып қана қоймай, қоғамда білімге деген құрметті арттырып, жас буынға үлгі көрсетеді. Сондықтан да білім мен ғылымның көкжиегінде жарқырап көрінген әрбір жас зерттеуші – ел болашағының шамшырағы.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология факультеті А. Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасының доцент м.а. Аккузова Айнур
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология факультеті, орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының оқытушысы Мырзабек Бибіхан
