Тіл – ұлттың жаны, халықтың ғасырлар бойғы рухани қазынасын сақтап, келер ұрпаққа жеткізетін киелі мұра. Ал тіл білімі – сол асыл қазынаның табиғатын терең танып, оның заңдылықтарын зерделейтін, адамзат өркениетінің дамуына бағыт-бағдар беретін маңызды ғылым саласы.
Ол тек қарым-қатынас құралы ретінде ғана емес, қоғамның ойлау жүйесін, дүниетанымын, әлеуметтік және мәдени даму деңгейін айқындайтын маңызды феномен ретінде қарастырылады. Тіл арқылы ұлттың рухы, болмысы, тарихы мен тағдыры танылады. Сондықтан тіл білімінің дамуы – ғылымның өркендеуімен, ұлттық сананың жаңғыруымен тікелей сабақтас.
Филология факультеті 1937 жылы құрылған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің көне факультеттерінің бірі. Ұлтымыздың рухани әлемінде өшпес із қалдырған М.Әуезов, Ә.Марғұлан және өзге де ұлы тұлғалар негізін қалаған бұл таным ордасы – тағылымы мол, тарихы терең, дәстүрі берік іргелі білім ошағы.
Бүгінде факультет құрамындағы кафедралар, ғылыми-зерттеу институттары мен зертханаларда отандық ғылымның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген білікті ғалым-ұстаздар еңбек етуде. Олардың нәтижелі ізденістері мен жаңашыл бастамалары факультетті елге ғана емес, шетелге де танытып отыр.
Ғылыми-инновациялық бағыттағы белсенділік күн санап артып, халықаралық жобаларға қатысу кең қанат жаюда. Академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру – факультеттің басты басымдықтарының бірі. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу жобалары жүйелі түрде жүзеге асырылып, халықаралық ғылыми байланыстар нығая түсуде. ҚазҰУ-дың әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарымен орнатқан серіктестігі филология факультетінің әлеуетін арттырып, білім мен ғылымның жаңа көкжиегін ашуға жол салуда.
Қазіргі заман – жаңашылдықтың заманы. Ақпараттық технологиялар күн сайын дамып, жасанды интеллект, цифрлық платформалар мен автоматтандырылған жүйелер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуда. Дәл осындай қарқынды өзгерістер белең алып жатқан кезеңде, жаңа технологияларды қолдану, бір емес, бірнеше тілді меңгеру тек қана артықшылық емес, заман талабына айналып келе жатыр. Бұл бағыттар жеке тұлғаға жаңа мүмкіндіктер ашып, сонымен қатар оның кәсіби және тұлғалық дамуына әсер етеді.
Бағдарламалау, деректерді талдау, цифрлық дизайн, онлайн білім беру платформалары – мұның барлығы жеке тұлғаға әлеммен еркін байланыс орнатуға тамаша мүмкіндік. Ал тіл – адам мен әлем арасындағы алтын көпір. Бірнеше тілді меңгеру – әртүрлі мәдениеттерді тануға, өзге елдермен еркін қарым-қатынас орнатуға, халықаралық деңгейде білім алуға және жұмыс істеуге жол ашады. Тілді үйрену – ой-өрісті кеңейту, дүниетанымды байыту, жаңа ақпараттармен таныс болу.
Жаңа технологиялар мен тілді меңгеру – бірін-бірі толықтыратын қос күш. Технология арқылы адам білімге қол жеткізсе, тіл арқылы сол білімді үйрене алады. Сондықтан да қазіргі таңда бұл екі бағытта үздіксіз даму – табысты болашақтың кепілі. Елдің ертеңгі тірегі – білімді ұрпақ.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология факультеті, орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының оқытушысы Мырзабек Бибіхан
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология факультеті А. Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасының доцент м.а. Аккузова Айнур
