Былтыр шаруаларға судың жетпегені министрлікке жақсы сабақ болғандай. Биыл ол олқылықтарға жол бермедік дейді жауаптылар. 100-ден аса су бекеті жөнделген, 700 шақырымнан астам канал тазартылып, мыңнан астам су құрылысы аттестаттаудан өткен. Сондай-ақ еліміздің 11 өңірінде 98 гидротехникалық құрылысы қалпына келтіріліп, нәтижесінде Оңтүстік өңірлер қажет сумен толық қамтамасыз етілген. Айтпақшы, биыл жыл соңына дейін жаңа Су кодексі қабылданады деп жоспарлануда. Жаңа құжатқа сәйкес енді иесіз қалған су шаруашылық нысандарының барлығы дерлік мемлекет меншігіне қайтарылады.
МӨЛДІР ӘБДУАЛИЕВА ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: «Құрғақшылық туралы көптеген болжамға қарамастан, Су ресурстары және ирригация министрлігі төтенше жағдайдың, суармалы су тапшылығының алдын алып, былтырғы жағдайдан кейін жинаған тәжірибенің нәтижесінде шаруаларды сумен үздіксіз қамтамасыз еткенін атап өткім келеді. Суару маусымында шаруаларға шамамен 11 млрд текше метр су берілді. Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымы – «Қазсушар» филиалдары шаруа қожалықтарымен суармалы су беру жөнінде 25 мыңға жуық келісімшарт бекітті. Осы орайда ол су тұтыну көрсеткіші жоғары аймақтарға тоқталды. Қызылорда облысына – 3,5 млрд текше метр, Түркістан облысына – 3,2 млрд текше метрден артық, Жетісу облысына – 1,2 млрд және Жамбыл облысына 1 млрд текше метрден астам су берілді».