3 желтоқсанда Индонезияның Марапи жанартауы 3000 метр биіктіктен атқылаған. Бұл кезде тауда 75 альпинист болыпты. 50-ден астамы эвакуацияланған. Көбін қатты күйік шалған.
Марапи жанартауынан тағы он екі альпинистің денесі табылды. Жергілікті биліктің мәліметінше, қаза тапқандар саны 23-ке жеткен. Құтқарушылар қаза тапқандардың денелерін шығарып жатыр. Жалпы, Марапи - Суматра аралындағы ең белсенді жанартаулардың бірі.
ЭДИ МАРДИАНТО – БАТЫС СУМАТРА ПОЛИЦИЯСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: "Бізде көптеген қиындықтар бар: күтпеген ауа райы, өтуге қиын жер. Жел жанартау күлін және ыстық бұлттарды әкеледі, сондықтан бізге денелерді шығару оңай емес ".
Құтқарушылардың айтуынша бір мәйітті шығару үшін төрт сағаттан алты сағатқа дейін уақыт қажет. Әзірге жанартаудан тек бес адамның денесін ғана ала алған, тағы 18-і қалыпты. Келесі күні Марапи тағы бір күл бағанын 800 метр биіктікке лақтырды. Сондықтан құтқарушылардың өміріне қауіп төндірмеу үшін түнгі уақытта операция тоқтатылады. Жанартаудың баурайында 1400 адам тұратын екі ауыл орналасқан. Жанартау атқылауы салдарынан айналаның бәрі күлмен жабылған. Билік адамдарға бетперде таратып, үйден шықпауды ұсынып отыр. Марапиды алдын ала болжау қиын, ол кенеттен орын алатын жарылыстармен белгілі. Бұған дейін жергілікті билік альпинистер мен тұрғындарға кратерге үш шақырымнан артық жақындауға тыйым салған болатын. Алайда, шенеуніктердің айтуынша, адамдар ескертулерге құлақ аспайды. Марапи өткен жолы қаңтардан ақпанға дейін биіктігі 1000 метрге дейінгі күл бағаналарын лақтырып атқан. Ол кезде құрбан болғандар жоқ. Ең қатерлі атқылау 1979 жылдың сәуірінде болып, ол кезде 60 адам қаза тапқан.