Келесі жылдан бастап асыраушысынан айырылған және еңбекке жарамдылығын жоғалтқан жандардың жәрдемақысы 6,5%-ға өседі. Бұл туралы бүгін Сенат отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты. Айтпақшы, келер жылы да қазына қаражатының басым бөлігі әлеуметтік салаға бөлінеді. Ол 9,8 трлн теңге. Бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 871 млрд теңгеге көп. Келер жылдың бюджеті талқыланған сенат отырысы туралы толығырақ алдағы бейнематериалда. 

Келесі жылы бюджеттен қай салаға қанша қаражат бөлінетіні белгілі болды. Айталық, 2025 жылы білім беруге деп бюджеттен 1 трлн теңге, денсаулық сақтау саласына алдағы екі жыл үшін 7,6 трлн теңге, туризм мен спортты дамытуға 141 млрд теңге, мәдениет пен ақпаратқа 165 млрд теңге қазынадан беріледі. Дегенмен, депутаттар ұлттық қордың қаржысына алаңдаулы. Қордан қаражатты ала беретін болсақ, түсім азайып, құрдымға кетпейміз бе дейді. 

СҰЛТАНБЕК МӘКЕЖАНОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: «Биыл Ұлттық қордан бастапқыда 3,6 трлн теңге алу жоспарланған болатын. Алайда бұл сома жеткіліксіз болғанына байланысты қосымша нысаналы трансферт арқылы 2 трлн теңге алынайын деп отыр. Оған қосымша бағалы қағаздарды алу бойынша транзакциялар жасалды. Соған байланысты трансферттердің жалпы сомасы 6 трлн теңгеден асып отыр. Бұл мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасына сәйкес, Үкіметтің құқығы және ондай шексіз мүмкіндіктері де бар екені белгілі. Бірақ енді фактілерге қарайтын болсақ, бүгінгі күні Ұлттық қордан алынып жатқан қаражат Ұлттық қорға түсімдерден асып отыр. Бұл соңғы 2 жылда байқалатын мәселе. Жақында өзіңіздің бір сұхбатыңызда "Үкіметке бюджет кірістерін тұрақтандыру үшін әлі 2 жыл керек болады" деген болатынсыз. Бұны басқаша айтатын болсақ, бұл дегеніңіз алдымыздағы 2 жылда Ұлттық қордың қаражатын белсенді түрде пайдаланатын болсақ, Ұлттық қордағы қаржының жинақталуы күмәнді сияқты». 

НҰРЛАН БАЙБАЗАРОВ  ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:  «Осы тапсырма аясында Ұлттық банк пен Үкімет арасында нысаналы трансферттердің көлемін бюджеттік қағидаларға сәйкес шектеу туралы мәселені қарастырып жатырмыз. Жақында нақты шешім қабылданатын болады. Экономикалық саясат кеңесінде бұл мәселені толығымен қайтадан қарастырып, бір шешімге келеміз. Жалпы біздің негізгі ойымыз Ұлттық банкпен бір жерден шығып жатыр. Нысаналы трансферттерді шектеу қажеттігі байқалады. Бірақ бұл қалай жасалады, қандай көлемде болатынын анықтап, ұсынатын боламыз». 

Қаржы министрі халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету, газбен жабдықтау, жылу, электр энергетикасы, көлік инфрақұрылымы, инфрақұрылым жүйесін қалпына келтіру, өңірлерді дамыту, сондай-ақ "Ауыл – ел бесігі жобасын" іске асыруға қосымша шығындар қарастырылады деп отыр. Депутат Жанболат Жөргенбаев болса, әбден тозығы жеткен гидротехникалық станцияларды жөндеуге биыл бюджетте қаражат қарастырылған ба деп сұрады. Биыл халықтың топан су астында қалып, елден маза қашқаны көпшілік есінде. 

ЖАНБОЛАТ ЖӨРГЕНБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
«Сумен жабдықтау жүйелерін салуға және реконструкциялауға мемлекеттік бюджеттен қомақты қаржы бөлінуіне қарамастан, желілердің жай-күйі олардың тозуына байланысты қанағаттанарлықсыз болып отыр. Бұл 60 пайызды құрайды. Қарағанды, Шығыс Қазақстанда орналасқан. Гидротехникалық құрылыстардың ағымдағы жай-күйін және 2025-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын ескере отырып, 2025 жылы су тасқынын болдырмау үшін қандай іс-шаралар жоспарлануда және оларды іске асыру үшін қандай бюджет бөлінді? Ағымдағы жылы қанша гидротехникалық құрылыстар көп факторлы зерттеулерден өтті және оларды жақсарту үшін қандай шаралар атқарылуда? Бүгінгі таңда гидротехникалық объектілер мен бөгеттерді қалпына келтіру және реконструкциялау бойынша жұмыстардың көлемі қандай болды және су тасқыны кезеңіне дайындық шеңберінде жыл соңына дейін қандай жұмыстарды аяқтау қажет?»

НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ
«Рас, су саласында көптеген проблемалар жинақталып қалды. Осы проблемаларды шешу үшін саласындағы жұмыстарды жүйелендіру мақсатында биыл екі құжат қабылданды. 2024-2030 жылға арналаған және 2024-2028  жылдарға арналған су шаруашылығын дамыту кешенді жоспар. 2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасы салындаы, 20 министрлік тарапынан, 22 су қойма жергілікті атқарушы органдар тарапынан сол кешенді жоспарда енгізілді»

Жауапты министр Нұржан Нұржігітов алдағы бес жылда проблема шешіледі деп уәде беріп отыр.