Шу шықса болды, мәжілісте шепте жүрген сол бір 5-6 депутат қана бас көтереміз. Осылай деген халық қалаулысы Ермұрат Бәпи бүгін тағы бас көтеріп, сын айтты. Мәжілісменге жаңа заңның атауы жақпай қалған.
ЕРМҰРАТ БӘПИ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Экономикалық құқық бұзушылыққа декриминализация жасаса, халық оны қалай түсінеді? Осыны бір қоғам түсінетіндей қылуға болмай ма? Ей, қазақ, мынау былай дейтіндей. Өйткені ертең бізге, қол қойған президентке сөз тиеді. Осы жердегі бес-алты депутат қана “отбиваться” етеміз осы. Анау желінің бәрінде Абзалдан бастап бәрімізді белгілейді. Ертең осы заң үшін «Ескі Қазақстанды қорғап жатырсыңдар» деп бізге сөз келеді. Желіде түсіндіру керек. Анау «Хабар», «Қазақстан» арналарының онша тиімділігі болмайды. Халық көретін арналарға шығып, түсіндіру керек».
ЖЕҢІС ЕЛЕМЕСОВ ҚАРЖЫ МОНИТОРИНГІ АГЕНТТІГІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Дұрыс айтып отырсыз. Қоғамға жеткізу – біздің мақсат. Сол себепті бірнеше отырыс болды. Қоғамға түсіндіру, жеткізу бойынша біраз жұмыс жасаймыз деп ойлаймыз».
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте кәсіпкерлікке қатысты жаңа заңның таныстырылымы өтті. Бұдан былай заң кәсіпкерлердің құқын қорғайды. Қосымша кепілдік беріледі. Қолданыстағы қазіргі құжатта талап қатал еді. Қит етсе болды, қаржы агенттігі сотқа дейінгі тергеудің біріңғай тізіміне енгізіп жіберетін. Содан тексеріс басталады. Ал, кәсіпкер болса, зор шығынға батады. Енді жаңа заңда олай болмайды. Құзіретті органға тексеріс бастау үшін салық органының актісі керек болады. Егер, бизнес иесі бұл нормамен келіспесе, онда сотқа шағым қалдыра алады.