Көлсай көлдері – табиғаттың ғаламат сыйы. Аспантау баурайындағы әсем табиғатты тамашалауға биыл 6 айдың ішінде 233 мың турист келген. Жыл сайын инфрақұрылымы жаңарып, әлеуметі артып келе жатқан туристік мекеннің әлеуеті зор.
Тау басындағы тұнық көлдің сұлулығы, хас зергердің қолынан шыққан жақұттай жыл сайын жарқырауда. Жиһанкездердің сүйікті орнына айналған мекенмен тәжирбие алмасуға Шығыс Қазақстан облысының делегациясы арнайы ат басын бұрды.
ЕЛНҰР МҰХАМЕДЖАНҰЛЫ «КӨЛСАЙ КӨЛДЕРІ» МЕМЛЕКЕТТІК ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: «Көлсай көлдеріне» туристердің сұранысына байланысты көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Туристер жүретін соқпақтар, нысандар, сондай-ақ саяхатшыларға арналған қонақ үйлер мен тамақтану орындары, автотұрақтар салынып жатыр. Биылғы жылы Кеген ауданының әкімдігімен бірлесіп автотұрақтар дайындалды. Келесі жылы Көлсайда автотұрақтар пайда болады. Қазір келіп жатқан туристердің 15-20%-ы Азия елдерінен болса, 1-3%-дың ортасында Еуропа елдерінен келіп жатыр. Өзіміздің көршілес елдерден келетіндер өте көп. Мәселен, Қытай, Үндістан, Ресей, Қырғыстан, Өзбестан сынды елдер мен Орта Азия елдерінен туристер келіп жатыр. «Шетелдік туристер саны қанша?» дегендей өзіміз арнайы есеп жүргіземіз. Негізінде шетелдік туристердің келуі жылдан-жылға артып келеді».
Шырайлы шығыстан келген делегация заманауи технологиямен танысып, Алматы облысының туризм саласындағы жұмысына тәнті болды. Осы бағытты негізге ала отырып, Марқакөл қорығын қайта ашып, туристердің мекеніне айналдыру керектігін атап өтті.
АРДАҚ МӘДИЕВ ШҚО КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Осы ұлттық табиғи парктің тәжірбиесіне, бір жағынан, қуанып отырмыз. Екіншіден, үйренетін дүние көп екен біз үшін. Замануи технологияларды пайдалану, заманауи әдістемелерді пайдалану, жаңа туристік жолдарды салу – осының барлығы туристік инфрақұрылымға жатады. Бұның бәрінің бар екенін білеміз, бізде де бұл дамып келе жатыр. Бірақ бұл жердегі ең басты мақсат – туристер санын арттыру, Қазақстанды әлемге таныту. Қазақстанның кең-байтақ жерін барлығымыз білеміз, бірақ оны әлемге таныту керек. Біздегі күрделі мәселе – Марқакөл табиғи қорығын ашу. Себебі Экология және табиғи ресурстар министрлігімен шешілмеген мәселе бар. Қорықты жауып қою арқылы мәселе шешілмейді. Туризмді дамыту керек, қорықты адамдар көрсе, туристер көптеп келсе, әлемнен туристер келсе, Қазақстанның әдемі жерлерін көрсе, ол жағымды әсер қалдырады».
Дүниежүзілік туристік ұйым «Көлсай көлдері» ұлттық саябағында орналасқан Саты ауылын үздік туристік ауыл деп таныған. Бұл аймақ өзінің асқар тауларымен, таза көлдерімен және қазақы қонақжайлығымен ерекшеленеді. 2023 жылғы есеп бойынша Сатыда 90 қонақ үй мен 30 орналасу орны жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда екі есе өскен.
САҒЫМЖАН НҰРЫМ, САТЫ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ: «Ең басты қойған мақсатымыз – туристер күтетін аймаққа айналдыру. Қазір барлығы стандартқа сай, жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Әлі де кемшіліктеріміз бар. Со кемшілікті жоя отырып, үлкен мақсатқа қол жеткізу. Сатыға кіре берісте үлкен монумент тұр. Сол монументтен бері қарай Саты ауылына дейін жарықтандыру қажет. Саты ауылының ішін қала деңгейінде тазалықта ұстау талап етіледі».
Көлсай – көрген жанның көңілін баурайтын көрікті мекен. Шығыс Қазақстан облысынан келген делагация мүшелері туризм саласының мәселелері мен оң нәтижелеріне тоқталып өтті. Шырайлы шығыстан келген қонақтар мен Көлсай көлдерінің басшылары еліміздің табиғатын әлемге таныту мақсатында тәжірбие алмасты.