Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының тұрғындары апатты деп танылған үйдің қасындағы құрылысқа қарсы. Үй іргесіне құрылыс жасап жатқандар тыныштығымызды бұзды деп шағым айтты. Ол аздай мердігер мекеме құрылысқа қатысты кейбір талаптарды ескермеген, -дейді Жаңаөзендіктер.
Үй іргесіне тақалып салынғалы жатқан құрылысқа тұрғындар түбегейлі қарсы. Өйткені, техникалардың дауысы, тарсылдаған дыбыстар 61-ші үйдегі көпшіліктің мазасын алған. Бұдан бөлек шағымданушылардың үйі мен құрылыс объектісі арасындағы арақашықтық талапқай сай сақталмаған. Тағы бір айта кететіні, құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан кәсіпкер қолданыстағы тұрғын үйді қоршау ретінде пайдаланып, тек қапталдарын жаба салған.
КҮМІСАЙ БЕКБОСЫНОВА ТҰРҒЫН: «Үйімізге тақап, үй салайын деп жатыр. Ол болмайды ғой. Заң жүзінде үйдің арасы қандай қашықтықта болу керек? Соның бәрін заң жүзінде сотқа шағымданып жатырмыз. Енді соттың процесі жүріп жатыр әлі де. Мүмкіндік болса тезірек жүргізіп, осы үй салып жатқан мекеме орнын жапса дейміз. Бізге өзімізге тиісті жерді алып берсе дейміз».
Құрылыстың орны әуелі баста автотұрақ болған. Енді ол жерге тұрғын үй тұрғызылып, барлық инфрақұрылым жүргізілген. Алайда кәсіпкер салғырттық танытқан секілді. Себебі жүргізілген газ құбырында ақау пайда болыпты. Оны дер кезінде 61-ші үйдің тұрғындары жауапты мекемеге хабарлап, апаттың алдын алған.
АМАНГҮЛ ШАДИМАНОВА ТҰРҒЫН: «Перестройка жасады мына газдың трубасына. Одан утечка кетті. Лично өзім звандап, шақырып алдым. Утечканы тоқтаттырдым. Мынау рұқсат сұраған жоқ. Өздері би, өздері қожа болып кетті».
Құрылыс басындағы қазылған аумаққа ойын баласы құлап кетуі мүмкін. Балалары үшін алаңдаған ағайын осылай деп отыр. Уайымдайтын негіз бар. Себебі аумақ дұрыс қоршалмаған. Ал жауапты мамандар аталған мәселеге қатысты шаралар жүргізіліп жатқанын айтты.
НҰРСҰЛТАН АЛДАБЕРГЕНОВ ЖАҢАӨЗЕН ҚАЛАЛЫҚ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: «Аталған заңбұзушылықтар бойынша сотқа талап арыз беріліп, сот шешімімен аталған құрылысты бұзу туралы шешім қабылданған болатын. Қазіргі таңда, жеке тұлға тарапынан сот шешіміне шағым жасауға құқы бар. Сол шағым негізінде түкпілікті шешім қабылданғаннан кейін заң талаптарына сәйкес шара қолданылатын болады».
Айта кетейік, Абай көшесіндегі 61-ші үй аппаты деп танылған. Мұнда қазір 40-тан астам отбасы тұрады. Тұрғындар жаңа үйге көшкенше іргеміз тыныш болғанын қалаймыз дейді.