Маңғыстауда жыл басынан бері 700-ге жуық адамды ит қапқан. Оның 360-ы бала. Ауылда бұралқы иттер көбейген дейді тұрғындар. Төніп тұрған қауіптен сескенетіндерін айтып, жауаптылар мәселенің түйінін шешіп берсе екен деген өтініштерін алға тартуда.
Қаңғыбас иттерден келетін қауіп әлі де сейілмей тұр дейді тұрғындар. Үрейленген ата-ана балаларын мектепке жетектеп апаруға мәжбүр.
ОРАЗАЛЫ ЖҮСІПБЕКОВ ТҰРҒЫН: «Балаларымыз мектепке барады. Оларды қолынан ұстап алып барып, алып келеміз. Өйткені, ит өте көп. Қазір жаз айы ғой. Ертең қыста қиын. Иттер көбеймей-ақ қойсын. Бұл көбейсе, бағады қоя береді. Көбейген кезде 10-15 болады. Қалада да бар. Ауылдық жерде балаларымызға өте қиын болып жатыр енді».
ЖӘМИЛӘ АҒАТАЕВА ТҰРҒЫН: «Таңертеңгі уақытта балаларымызды шығарып саламыз. Иттен қорғану үшін. Өйткені, адамға қарата жүгіреді. Айналадағы базаларға ескерту берілсе, итті асырады ма, қорғаннан шығармай асырасын. Көбіне таңертең сабаққа кеткенде сосын келіп жатқанда кешкі уақытта келеді бұл иттер».
Ата-бабамыз жеті қазынаға жатқызған үй жануарын қазір атуға заңмен тыйым салынған. Оның орнына иттерді аулап, жынысына қарай 3 және 7 күн уақытша ұстау пунктіне апару шарасы қолданылады. Бұл шетелден келген тәжірбие. Ол нәтижесін беру үшін кемі 3-5 жыл уақыт керек дейді мамандар.
ӘДІЛЕТ ҚАЗТҰРҒАН МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ ВЕТЕРИНАРИЯ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:«Қазіргі таңда иттерді ату деген жоқ. Тек аулау іс-шарасы өткізіледі. Себебі, заңның талабына сәйкес оларды аулап, стерилазиция жасап, сосын оны қайтадан қай жерден ауланды сол жерге апарып тастау саясаты жүріп жатыр. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы бойынша жануарларға жауапкершілік қарау саласына 65 миллион қаражат бөлініп отыр. Соның ішінде Ақтау қаласы және Мұнайлы ауданы бойынша тендерлік іс-шаралар өткізіліп, жеңімпазы анықталды. Қазіргі таңда осы Ақтау мен Мұнайлы бойынша жұмыс жасайтын осы жеке кәсіпкер болып саналады».
Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында иттерді уақытша ұстау пункттері бар. Ондағы жауаптылар күніне 30-дан астам ит аулайтын көрінеді. Мамандар алдымен төрт аяқтыларды қолға түсіріп, зарасыздандыру жұмыстарын жүргізеді. Содан соң ит ауланған ортасына қайта жіберіледі. Яғни, оған кастрация жасау арқылы көбеюіне тосқауыл қою көзделген. Әзірге бұралқы иттерге қатысты басқа қолдан келер қайран жоқ - дейді Балғазы Серібаев.
БАЛҒАЗЫ СЕРІКБАЕВ УАҚЫТША ҰСТАУ ПУНКТІНІҢ БАСШЫСЫ: «Жабайы иттер көбейіп кеткен Маңғыстау облысында. Соны аулап, ішке апарып, жұмысымыз еркектерін піштіріп, ұрғашыларының маткасын алып сондай жұмыстар. Қолдан келгенше аулап,азайтамыз».
Жалпы аймақ бойынша иттерге арналған пункт салу үшін 6,3 гектар жер бөлінген. Алдағы уақытта әр ауданнан осындай орын ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, қыркүйектен бастап үй жануарларын міндетті тіркеу туралы заң күшіне енді. Осы мақсатта электронды есепке алу базасы құрылды.