"

Маусым айынан бері тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау қауымдастығына 20-ға жуық өтініш келіп түскен. Оның басым бөлігі өнім мен тауар сапасыздығына қатысты. Алған тауарыңыз көңіліңізден шықпай қалса, не істеу керек? Тұтынушының құқығы тапталмауы қаншалықты назарда? Тақырыпты тілшіміз толықтырады.

Кейде тауардың сапасына мән бермей, сатып алған соң сан соғып қалып жатамыз. Надежда Дубовая 30 жылдан бері осыған ұқсас жағдайларға тап болған тұтынушылардың құқығын қорғап келеді. Оны кәсіпкерлер де, заңгерлер де жақсы таниды. Келіншектің көмегіне жүгінетіндер қарасы да аз емес.

НАДЕЖДА ДУБОВАЯ СҚО ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: «Тұтынушы алдымен тауарды алған дүкенге барған. Дегенмен одан еш пайда болмады. Негізі сатушылар мен тауар өндірушілер алдымен өз өнімдерінің сапалы екенін дәлелдеуі тиіс. Бұл жағдай бойынша сараптама жүргіздік. Кейін оның кәсіпорыннан болған қателік екені анықталды. Бірақ кәсіпкер тауарды ауыстырмайтынын жеткізді».

Надежда Смердова зергерлік дүкеннен қымбат бұйым алған. Алайда бірнеше күннен кейін сақинасының асыл тасы түсіп қалады. Сараптама жұмыстары кезінде тауардың жаңа болмағаны анықталған. Дегенмен бұл жағдайды сатушылар да, сот мамандары да ескермеген.

НАДЕЖДА СМЕРДОВА ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:«Сатушылардың сапасыз тауар сатқаны менің кінәм емес қой. Сондықтан сотқа жүгінемін деп шештім. Бірақ маған мұның еш пайдасы жоқ екенін айтты».

Сондай-ақ, тұрғындар ұтыс ойындары, тегін лотереялар сынды алаяқтардың арбауына түсіп қалып жатады. Әдетте олардың құрығына зейнеткерлер ілігеді. Алдымен медициналық тегін процедураларға шақырады, кейін маңызды құжаттарға қол қойғызып алады.

НАДЕЖДА ДУБОВАЯ СҚО ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: «Олар сіз сыйлық ұтып алдыңыз деп назарыңызды аулайды. Кейін өздеріне шақырып алып, келісімшартқа қол қойғызады. Осылай алаяқтар көбін сан соқтырып кетеді».

Тұтынушылар өз құқықтарын қорғай алады. Дегенмен бұл күрделі процесс. Уақыт пен шыдамдылықты талап етеді. Сондықтан көбі қолын бір сілтеп, кете барады. Дегенмен өз құқығыңызмен толық таныс болсаңыз, кез-келген тығырықтан шығуға болады.