Маңғыстауға қоқиқаздардың алғашқы легі ұшып келді. Алайда ауа райының күрт өзгеруіне байланысты көбі жылы аумаққа қарай қанат қағып кетті. Кейбірі суыққа шыдай алмай, әлсіреп қалуда. Сондай хәлдегі қоқиқаздардың бірін ақтаулық эко-амбассадор Азамат Сәрсенбаев өзінің пәтеріне әкеліп бағып отыр.
Бұл кадрлар Маңғыстаудағы Қаражанбас кен орны маңындағы тас жолда түсірілген. Асфальтті жөндеп жүрген мамандар ойламаған жерден жол үстінде бүрсең қағып жатқан қоқиқаздың балапанын көріпті. Оны бірден көлікке салып, табиғат жанашыры Азамат Сәрсенбаевқа жеткізген. Эко-амбассадор қоқиқазды бірден пәтеріне әкеліп, жылы жерге орналастырып, жемін берген.
АЗАМАТ СӘРСЕНБАЕВ - ЭКО – АМБАССАДОР: «Қоқиқазды жол қызметкерлері кеше әкеліп берді. Құстың әбден әлсіреп қалғаны көрініп тұрды. Күн суық, ұша алмай қалған. Бірден ас шаяндарынан жемін дайындап, алдына қойдым. Бір түн өткен соң жей бастады. Демек, ол әлденіп жатыр деуге болады».
Азаматтың айтуынша, бұл 6 айлық балапан екен. Оны қазір табиғатқа жіберу қауіпті, - дейді ол. Себебі ауа температурасы минусты көрсетіп тұр, үсіп қалуы мүмкін. Табиғат жанашыры сол үшін қоқиқазды арнайы жануарлар ұстайтын орынға тапсырып, көктемге қарай ұшырып жіберуді жоспарлап қойыпты.
АЗАМАТ СӘРСЕНБАЕВ - ЭКО – АМБАССАДОР: «Қоқиқазды ветеринар мамандарға апарудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Әлсіреп қалғаны болмаса, жарақат алған жері жоқ. Бұл құстар Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы аумағындағы Теңіз-Қорғалжын көлдерінен ұшып келеді. Маңғыстаудағы Қаракөлге қонып, әл жинап, одан әрі Иран, Түркменстан жаққа қарай жер аударады».
Қаракөл жағасына келіп қонатын қоқиқаздар шамамен 15-20 күндей мекендеп, күш жинайды. Содан кейін әрі қарай ұшады. Қазақстанға көктем және күз айларында оралады. Қызғылт қанатты қаз барлық құрлықта мекендейді екен. Әсіресе өзен сағаларында, суы тұзды, қышқыл көлдерге тұрақтайды. Жалпы табиғатта қоқиқаздың 8 түрі болса, соның екеуі Қазақстанда кездеседі екен.