Шынайы оқиғаға негізделіп түсірілген «Операция Набат» атты толықметражды көркем фильмі көрерменге жол тартты! Су жаңа фильм тарихи экшн жанрындағы әрекеттің қарқындылығы мен эмоцияның психологиялық тереңдігін үйлестіре отырып, киностудия тарихының жаңа бетін ашпақ.

Фильм осыдан 32 жыл бұрын, нақтырақ айтсақ 1992 жылы еліміз Егемендік алған уақыттарда Қызылорда облысындағы аса қауіпті қылмыскерлерге жасалған арнайы операция желісінде түсірілген. Негізгі сюжеті бостандыққа шығаруға әрекеттенген екі қылмыс басы Глухой мен Штырдың нақты тағдырларына және автобус көлігінің ішінде кепілде болған 13 адамның өмір қауіпсіздігіне негізделген. Қарқынды, әсерлі және экшн сәттер «Операция Набат» киносында көрініс таппақ. Бұл фильм көрермен көңіліне әсер етіп қана қоймай, ерлікті, адам рухының күші мен өмірдің құндылығы туралы ойға да салмақ.

АЗАМАТ САТЫБАЛДЫ ШӘКЕН АЙМАНОВ АТЫНДАҒЫ «ҚАЗАҚФИЛЬМ» ҰЛТТЫҚ КИНОСТУДИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ  «Жыл өткен сайын байқасаңыздар, осындай оқиғалар ұмытылып бара жатыр. Бұл ұмытылмау қажет. Бұл ерлік кәдімгідей. Осы оқиғаға байланысты көптеген ЖООда КО болсын, СНГ дәуіріндегі барлық ЖОО осындай оқиғалар бойынша дәріс алады. Бұл тарихта қалған оқиға. Соны біз Қазақфильм көрерменге жеткізейік, сол кезеңдегі батырларды кино болғаннан кейін көркемдеп көрсеттік. Біз сол оқиғаны іздемеуіміз керек. Бұл документальный кино емес.Бұл художественный кино. Көркемдік, әсемдік, әсірелеп жеткізу болады. Бәрі көрермен үшін. Ең бастысы негізінен жоғалмайды».

Жабық көрсетілімнің қонақтар қарасында шынайы оқиғаның бас кейіпкерлерінің бірі Аманғали Ғабасұлы да болды. Ол фильмге өз бағасын беріп, бір сәтке өткен оқиғаны есіне алды.

АМАНҒАЛИ ҒАБАСҰЛЫ ЗАПАСТАҒЫ ПОЛКОВНИК: «Оқиға болған кезде мен осы бөлімше командирінің орынбасары едім. Бұл әлемде алғаш рет жасалған бірегей операция. Неліктен бұл операция бірегей, себебі көлік ішіндегі кепілге алынғандарды босату операциясы, атап айтқанда автобус көлігінде жүзеге асыру әлемдік тәжірибеде бірінші рет қазақтарда болды. Біз үшін күтпеген жағдай деуге болады, өйткені бізде мұндай операцияны жүргізу тәжірибесі болмаған. Сондай ақ, қажетсіз шығын болмас үшін бұл операцияны жүргізу жағынан дұрыс ойлану керек болды және мемлекетіміз тұрғындарды осындай лаңкестік қауіптерден қорғау үшін мұндай бөлімшенің бекер құрылмағанын дәлелдеуге тура келді».

Сонымен қатар, көрерменге шынайылықты жеткізуге тырысқан актерлар да өз пікірлерімен бөлісті. Фильмді түсіруге жарты жылға жуық уақыт кеткен. Өнер иелерінің сөзінше, бір күндік оқиғаны түсіруде Алматының құбылмалы ауа райы түсірілім кезінде біраз қиындықтар туғызған. Дей тұрғанмен, сапалы туынды үшін бар күштерін сарп еткен олар,туындының көрермен көңілінен шығады деген үмітте. 

БАҚЫТ ҚАЖЫБАЙ АКТЕР: «Енді режиссердың үлкен бір дайындықпен келгені анық. Өйткені, көп жерде толық ақпаратты бізге сол кісі беріп отырды. Бірақ, біздің мамандығымыз актер болғандықтан, өзіміздің кей тұстарымызды, ұсыныстарымызды, ой пікірлерімізді айтып отырдық. Кей кездерде келіспеушіліктер де болды. Бірақ, бұл өнерге тән нәрсе. Өнерде тартыс болу керек, әркімнің өзінің ойы, пікірі болуы керек. Сол себепті, қаншалықты қалай болып шыққанын көрермен бағалай жатар».

Осылайша тарихи сәт, көркем фильм ретінде таспаға түсіп,көпшілік көрерменге жол тартты.