"

Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты бүгін тағы жалғасты. Жарыссөзде айыпталушы Бишімбаевтың қорғаушылары сөз алды. Олар жәбірленуші тараптың айыптаулары мүлдем қисынға келмейді деп санайды. Айтуларынша, экс-министрдің әйелін қасақана өлтіру туралы еш ойы болмаған. 

ЕРЛАН ҒАЗЫМЖАНОВ АДВОКАТ: «Айыптаушы тарап Бишімбаевты аса қатыгездікпен адам өлтірді деп санайды. Қылмыстық кодексті қарасақ, адам өлтірудің не екенін көресіздер. Мұнда "қасақана өлтіру" деп тұр, яғни қасақана өлтірген жағдайда адам өлтірген болып саналады, ал қалған жағдайда адам өлтірді деп айыптауға болмайды. Біздің жағдайда,Бишімбаев өлімнің себебіне кінәлі екенін мойындайды, бірақ ол қасақана істеген жоқ». 

Тараптардың жарыссөзінде Бишімаевтың қорғаушылары оның қылмысты қасақана жасамағанын түрлі аргумент арқылы дәлелдемек болды. Олар Нүкенованың неден қайтыс болғанына қатысты өз нұсқаларын айтты. Айтпақшы, сотта Бишімбаевтың анасы сөз алып, барша қазақстандықтардан және Салтанат Нүкенованың ата-анасынан кешірім сұрап, көзіне жас алды.

АЛЬМИРА НҰРЛЫБЕКОВА БИШІМБАЕВТЫҢ АНАСЫ: "Кез келген ана ұлын соңына дейін қорғайды. Мен өзіме белгілі шындықты айтқым келеді. Мені, ұлымды және біздің отбасын жарты жылдай болды түрлі әлеуметтік желіде неше түрлі пікір жазып, қаралап жатыр. Негізінде олай емес. Біз дәстүрлі қазақ отбасымыз. Үлкенді құрметтейтін, кішіні сыйлайтын жанұямыз. Алайда, тергеу нақты өлімнің себебін, өлім уақытын анықтаған жоқ. Тергеу барысында алкогольдің мөлшеріне де назар аударылмады. Егер сол күні түнде көп алкоголь ішілмегенде, мұндай қайғылы жайт болмас еді".