Оралда көше бойлап өтіп бара жатқан әйелдің басына тас түсіп, мерт болды. Қазір аяқ асты болған адам өліміне қатысты тергеу ісі басталды. Айта кетейік, бұл облыс орталығында тіркелген осындай алғашқы жағдай емес. Марқұм Жаһанша Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің мұғалімі болған.
«Енді тұрғын үйлер жанындағы жаяу жүргінші жолымен өтуге қорқып қалдық»,-дейді тұрғындар. Абай полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Аслан Айтмұхановтың айтуынша, осы оқиғадан соң ПИК төрағасымен бірге үйдің шатыры тексерілген. Қайғылы оқиға қайталанбас үшін ондағы бос жатқан кірпіштер жиналған. Н.Назарбаев даңғылы, 236 мекенжайындағы үйге қызмет көрсететін пәтер иелері кооперативінің төрағасы көпқабатты үй қабырғасы мен шатырының тозығы жетіп, күрделі жөндеуді қажет ететінін айтып ақталған. Полиция қызметкерлері жауапты ПИК-не қандай шара қолданылатыны тергеу ісі барысында анықталады деп хабарлады. Жалпы бұл аумақта төбеден тастың құлау фактісі бұрын да бірнеше рет тіркелген.
АСЛАН АЙТМҰХАНОВ БҚО АБАЙ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: «Қылмыстық іс қозғалды. Адам өлу фактісі бойынша. Бұл жерде сұрастыру барысында сол жерде орналасқан дүкендер және де ломбард бар екен. Сұрастыру барысында сатушылар айтады: «иә, бұл бірінші рет емес, бұрындары да жоғарыдан тас құлап жүрді» дейді. Біз ешқандай шара қолданған жоқпыз. Тас түсті деп айтып жүрді, бірақ, адамға емес, жерге құлап жүрген оқиғалар болды деп бізге түсініктемелерін берді».