Қызылорда облысында қызылша ауруының 1133  жағдайы тіркелген. Оның 996 жағдайы - 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталса, 252 жағдай 1 жасқа толмаған сәбилер арасында орын алып отыр. Дәл осы кесел, ересек тұрғындар арасында 130-дан астам  науқастың санын құраған. 

Қызылша індетіне шалдыққандардың басым бөлігі ауруға қарсы екпе алмаған. Олардың саны жалпы сырқаттанушылардың 68%-ын құрап отыр.  Оның ішінде медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты егілмегендер үлесі – 14,5%, егілетін жасқа жетпегендер үлесі - 33,4%, вакцинациядан бас тартқандар үлесі – 51%, сондай-ақ жоспарлы вакцина алуға тиісті мерзімде негізсіз себептермен екпе алмай жүргендер көрсеткіші – 1,1%-ды құрауда. Бұдан бөлек, 124 науқастың қызылшаға қарсы иммундық мәртебесі белгісіз екендігі анықталған. Ауырғандардың ішінде екпе алғандар да бар. Алайда, олар қызылшаға қарсы екпенің толық курсын алмаған. Тек 1 дозасын алған. Яғни,  ағзада толық иммунитет қалыптаспағандар арасынан ауруды жұқтырып алу деректері де орын алып отыр.

АЙМАН ЖАНАХАЕВА ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША    САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ  БАСПАСӨЗ  ХАТШЫСЫ

Қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуалдың тек біздің елде емес, бүкіләлемде күрделенуінің себебін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халық арасында қызылша ауруына қарсы вакцинациялау барысының әлсіреп, екпеден бас тартушылар санының артуымен байланыстырады. Себебі, ұжымдық иммунитет бәсеңдеген сайын, ауру жұқтырып алу қаупі күшейе түседі. Қауіп тобында - екпе алмаған, иммунитеті әлсіз адамдар. Иммундау шарасы әлі де жалғасып жатыр. Сондықтан, Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баршаңызды, әсіресе ата-аналарды өз балаларын ауруға қарсы вакцинациялауға шақырады.