Жаңа жыл қарсаңында Ақмола облыстық полиция департаментінің автокөлік паркі су жаңа 44 көлікпен толықты. Автомобиль кілттерін облыс әкімі Марат Ахметжанов салтанатты түрде департамент басшылығына табыстады.
Полицейлердің жұмысы қашан да қиын. Әсіресе мереке күндері оларға жүктелетін міндеттің еселеніп кететіні бар. Бұл ретте, қызметке сай көліктердің болуы өте маңызды. Облыс әкімі Марат Ахметжанов тәртіп сақшыларының жұмысының қиын да, жауапты екенін атап өтті.
МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ «Полицияның ең басты міндеті халықтың сеніміне ие болу. Сондықтан, бүгінгі сіздерге беріліп жатқан құралдар сіздердің қиын қызметтеріңізге оң септігін тигізіп қылмыстардың, құқыбұзушылықтардың болдырмауына өзінің оң септігіні тигізеді деген сенімдемін. Әрқашан да осындай үлкен сенімге ие болып, халықтың алғысына ие болып өздерің берген антқа берік болыңдар».
Жалпы, облыстық полиция департаментіне 44 көліктің кілті берілді. Оның ішінде патрульдік полицейлерге арналған 25 «Chevrolet Cobalt», «Jac» маркалы 5 автозак, 1 эвакуатор және қызметтік иттерді тасымалдауға арналған 1 автомобиль мен арнайы бөлімшелерге арналған 3 көлік, «Автоураган» кешені бар 2 «КИА» маркалы машина бар. Бұдан бөлек, «Chevrolet Cobalt» маркалы 7 авто шұғыл іздестіру шараларын орындау үшін ведомстваның жедел қызметіне берілді. Департамент басшылығының айтуынша, жаңа көліктер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында әлі де болса, сапалы қызмет етуге септеседі.
СЕРІК ӘБУТӘЛІПОВ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: «Күнделікті қоғамдық жерде, көшелерде, халыққа сапалы қызмет етуге берілген автокөліктер. Алдымыздағы мейрамдарда аталған автокөліктер жұмысқа шығады. Жыл сайын әкімшіліктен бөлінеді. Өйткені, өзінің уақыты бар. Олардың орнына да бөлініп жатыр. Қосымша да бөлініп жатыр».
Полицейлердің айтуларынша, «Chevrolet Cobalt» маркалы 25 көлік облыстық және республикалық маңызы бар жолдарды патрульдеуге шығады.