Елімізде енді полиция қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтіргендер жазаланады. Бұл туралы ішкі істер министрлігі ескертті. Осылайша полицей жұмысына кедергі болғандар 15 тәулікке дейін қамауға алынады я болмаса 30 АЕК негізінде айыппұл төлейді. Ол 110 мың 760 теңге. Сондықтан, тәртіп сақшылары көлігіңізді тоқтатса, заңға бағынып, сұраған құжаттарды көрсету керек дейді әкімшілік полиция комитеті.
ҚАЙСАР СҰЛТАНБАЕВ ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ «Жол жүрісі туралы» заңда және Жол жүрісі қағидаларында көлік құралын тоқтату кезінде полиция қызметкерлері мен жүргізушілердің іс-қимылының нақты тәртібі айқындалған. Көлікті тоқтату кезінде полиция қызметкері өзін таныстырып, қызметтік куәлігін көрсетіп, тоқтату себебін түсіндіруі қажет. Жүргізуші өз кезегінде ішкі істер органдары қызметкерінің заңды талаптарын орындауға міндетті. Ал полиция қызметкері жедел-профилактикалық іс-шараның өткізіліп жатқанын растайтын құжаттарды көрсетуге міндетті емес. Полиция қызметкерінің заңды талаптарын орындамау, қызметтік міндеттерін атқару кезінде оның жұмысына кедергі келтіру 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады».