Президент Грузия Парламентінің төрағасы Шалва Папуашвилиді қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мейманға ілтипат білдіре отырып, Қазақстан Оңтүстік Кавказ өңіріндегі негізгі серіктестерінің бірі – Грузиямен жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға айрықша мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ Президент Қазақстан мен Грузия арасындағы достық пен өзара түсіністік екіжақты байланыстарды тереңдету ісінде елеулі табысқа қол жеткізу үшін берік негіз болатынын айтты.
Шалва Папуашвили Грузияның Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға бейілді екенін растады. Оның айтуынша, Тбилиси Астанамен жан-жақты байланыстарды, соның ішінде көлік-логистика саласындағы ықпалдастықты тереңдетуге ниетті. Бұл ретте Грузия Парламентінің спикері Мемлекет басшысының Транскаспий халықаралық көлік бағытын бірлесіп дамыту туралы бастамасын қолдады.