Үкімет халыққа үндеу жолдады. Су тасқынынан зардап шеккендердің шығыны жақын күндері толығымен өтеледі. Ешкім көмексіз қалмайды. Ал, осындай қысылтаяң уақытта халықты алдап, жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты. 

Су тасқыны халықты әлі де сарсаңға салуда. Өңірлерде жағдай тұрақталған жоқ. Еліміздің 8 аймағында: Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы 34 төтенше жағдай режимі сақталуда. 

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ 
«Еліміздің 8 өңірінде жергілікті төтенше жағдай жарияланған. 3 өңірде 10 мал қорығын су басты. Жергілікті жерлерде жедел дизенфекция жұмыстарын жүргізіп жатыр. Павлодар мен Абай облысында төтенше жағдай күшін жойды».
Зардап шеккен аймақтарға жан-жақтан қолдау мен көмек беріліп жатыр. Бүгін Түркістандық төтеншеліктер Батысқа аттанды. 

Атырау облысында ахуал күрделі. 3 мыңға жуық үй топан судың астында қалған. Бұл үйлерден 37 мыңға жуық адам құтқарылған. Аудандық маңызы бар жолды су шайып кетіп, қатынас қиындаған. Ал, жалпы республика бойынша қазіргі уақытта республикалық маңызы бар 13 автожол жабық. 

ЕРАСЫЛ САЙПАШ  ҚР ТЖМ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС ЖӘНЕ ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕР КОМИТЕТІНІҢ АҒА ОФИЦЕРІ 
«Су тасқыны басталғалы бері Азаматтық қорғаныс қызметтерімен 99 869 адам, оның ішінде 36 591 бала қауіпсіз жерлерге жеткізілді. Уақытша орналастыру пунктеріне 6 586 адам, оның ішінде 3 197 бала орналасты. 9 млн текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 1,6 млн қапшық және 1,2 млн тонна инертті материал төселді. Авариялық-құтқару жұмыстарына 34 272 адам, 4 мың техника, 17 әуе кемесі жұмылдырылды».

Бүгін Ақтөбе әкімі халыққа үндеу жолдады. Мұнда қауіп айтарлықтай сейілген. Су қоймаларындағы ағыс бәсеңдеп, жағдай тұрақталды. Зардап шеккендерге 6 сәуірден бастап біржолғы төлем беріліп жатыр. Жақын күндері шығын көлемі толық есептеледі. Қостанайда да арнайы құрылған комиссия шығынды өтеу бойынша жұмысты бастап кетті. Айта кетейік, су тасқынына байланысты қандай да бір жалған хабар таратқандар болса, олар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мұны үкіметтегілер қатаң ескертеді. Себебі, соңғы күндері желіде түрлі фейк ақпараттар тарап кеткен. 

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Жалған хабарламалардың немесе Төтенше жағдаймен күрес жөніндегі штабтардың жалған аккаунттарының барлық авторларына бұл ақпаратты жариялаудағы жауапкершілік туралы ескерткім келеді. "Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы" заң бар, оған сәйкес пайдаланушылар орналастырылған және таратылатын мазмұнның дұрыстығын тексеруге, жалған ақпаратты таратпауға, сондай-ақ мұндай ақпаратты және кез келген заңсыз мазмұнды жоюға міндетті. Тиісті құрылымдар мұндай жалған ақпаратқа талдау жүргізеді, қажетсіз дүрбелең тудырып, отандастарын алдаған кез келген азамат, өз әрекеттері үшін нақты ақы төлейтін болады».

Құтқарушылар болса, халықтан  су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтауға, үйлерден және эвакуациялау пункттерінен өз бетінше рұқсатсыз шықпауды сұрайды.