Экономика, экология, геология, халық тұрмысы, ел қауіпсіздігі, зиянды жұмыс пен кредит. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған кезекті жолдауында осы маңызды мәселенің барлығы қамтылды. Бұдан былай зиянды өндірістерде жұмыс істейтіндерге 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлем төленеді. Келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге көтеріледі. Халықты қарыздан арылтуға арналған «Қарызсыз қоғам» атты пилоттық жобаның игілігін енді бүкіл ел көреді. Баспана алуға арзан несие беретін «Отбасы» банкінің қызметі қайта қаралады. Озық мемлекеттер тәжірбиесі бойынша Қазақстанда жасанды интелект дамып, еліміз IT мемлекетке айналады. Жаңадан екі бірдей министрлік құрылады. Бұдан бөлек, әр салада даму болады. Жолдауда айтылған жағымды жаңалықтар жайлы алдағы бейнесюжетте.
Күз айының алғашқы күні білім күнімен қатар Қазақстан халқы дәл осы күні алдағы жылдарға бағыт-бағдар беретін, мемлекеттің келешек даму даңғыл жолын айқындайтын Ел Президентінің Жолдауын асыға күтеді. Жазғы демалыстан оралған қос палатының алғашқы отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев әдетте, қазақстандықтарға жолдау жолдайды. Биыл да дәстүр өзгерген жоқ.
Әлемдегі күрделі ахуал Қазақстанға да өз салқынын тигізіпті. Сондықтан, Президент осындай жаһандық дүрбелең дәуірде халқымызды бірігуге шақырады. Сырттан келіп, өзге біреу елімізді көркейтіп жібермейтіні ол анық. Сондықтан, ел дамуына әр азаматтың өзінше ат салысуын сұрайды. Бағдардан адаспас үшін Президент Жолдауда әр салаға жеке тоқталып, әр жауапты органға жеке тапсырма жүктеді. Алдымен тіршілік нәрі су мәселесіне тоқталды. Барынша суды үнемдеуге кеңес берді. Әйтпесе, су таусылуы мүмкін. Себебі, ол шектеулі ресурс. Ендігіде су мәселесі экологиядан бөлінеді. Өз алдына су және ирригация министрлігі болып қайта құрылады. Биыл қақаған қыста кей өңірлерде елдің әбден құтын қашырған жылу электр стансасалырына қатысты мәселе де Президенттің басты назарында.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты іске қосылады. Биыл Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің бірінші блогын қайта құру жұмыстары аяқталады. Бұрын ешқашан толық қуатын пайдаланып көрмеген станцияның 8 блогы түгел жұмыс істейтін болады. Қазір екінші ГРЭС-ті кеңейту жобасы жүзеге асырылып жатыр, үшінші ГРЭС-тің құрылысы басталады».
Қаржы нарығындағы қазіргі жағдай: Халықты әбден кредитке батырған банктер мен тұтынушылық несиенің көбейгені Президентті алаңдатып отыр. Сондықтан, Қасым-Жомарт Тоқаев «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін күллі ел көру керек деді. Ал, елдің байлығы мен табысы азаматтар арасында әділ бөлінетін тағы бір ескертті. Қайтарлыған активтердің барлығы дерлік ашық түрде нарыққа шығарылатын болады. Оның игілігін халық сезінуі тиіс деген Президент келесі жылдан бастап қазақстандықтардың табысын арттыру үшін ең төменгі жалақы өсетінін мәлімдеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Біз бұған дейін уәде бергеніміздей, Үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп өсіре береді. Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырамын. Осылайша, біз еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік»
Экономиканың қозғаушы күші шағын және орта бизнесті дамытуға, отандық өнімді қолдауға Үкімет бұрынғыдай жағдай жасай беретін болады. Бизнес пен биліктің арасында сындарлы диалог орнату үшін жұмыс жасалады. Құқық қорғау органдары тарапынан бизнесті қудалауды тоқтату керек. Саланы реттейміз деген желеумен жасалатын қысымды азайту қажет деген Мемлекет басшысы алдағы уақытта кәсіпкерлермен жеке кездесетінін айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Үкімет зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдарды әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірледі. Бұл бұрыннан талқыланып жүрген мәселе болатын, енді шешімі табылды. Оның мынадай өлшемдері бар. Жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленеді. Парламенттен Үкіметтің ұсыныстарын жедел қарауды сұраймын».
Жолдауда балаларға қатысты бірқатар жаңашылдықтар айтылды. Президент «Келешек» атты біріңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырды. Бұл жүйедегі ақша мен ұлттық қордағы қаражат қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады. Әсіресе, Мемлекет басшысы балаларға қатысты буллингке алаңдаулы. Кәмелекетке толмағандарға жасалған кез келген зорлық-зомбылықтың түріне жазаны қатаңдатуды тапсырды және бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырып, қысымға тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірленетінін айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе».
Айтпақшы, елімізде көлік министрлігі қайта құрылады. Себебі, алдағы 5 жылда 4 мың шақырым сапалы авто жол салынуы керек. Одан бөлек, темір жол логистикасы да қарқынды дамуы тиіс. Себебі, ол да экономиканың басты тармағы. Айтпақшы, Атом электр стансасына қатысты дауға бүгін Президент өзі нүкте қойғандай. АЭС салу немесе салмау жайлы жалпыхалықтық референдум өтеді. Халық оны өзі шешеді деді. Бір жарым сағатқа созылған жолдау мазмұнды әрі маңызды болды. Барлық сала қамтылды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз. Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын. Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы!»