Жолдауда ұсынылған реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге дайынбыз. Осылай деген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Президент берген тапсырмалар қазіргі жағдайда өте өзекті екенін тілге тиек етті.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

«Мемлекет басшысы еліміздегі экономикалық саясаттың жаңа моделін қалыптастыруға басымдық берді. Жолдауда шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың жүйелі механизмдері көрсетілді. Бәріне бірдей түсінікті ашық әділетті салық саясатын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. Инвестиция тартуға қолайлы бизнес климат қалыптастыруға үлкен мән берілді. Елімізді индустрияландыру кезеңінде қордаланған проблемаларды шешіп, бұл үдерісті сапалы жүргізуді тапсырды. Ауқымды инфрақұрылымдық серпіліс жасау арқылы өңірлердің де дамуына жаңа тыныс беру көзделіп отыр. Жалпы, Мемлекет басшысы қолға алып отырған саясат халықтың әл-ауқатын арттыруға және баршаға тең мүмкіндік беруге бағытталған. Алдағы уақытта Мемлекет басшысы белгілеп берген тапсырмаларды барлығымыз бірдей нәтижелі іске асыруымыз қажет».

Сенаторлар Президент жолдауы маңызды әрі қажетті мәселелерді толық қамтыды деген пікірде. Әсіресе, олар атом электр станциясының салынуы не салынбауы жалпыхалықтық референдумға шығарылғаны дұрыс шешім болды деп санайды.

БИБІГҮЛ ЖЕКСЕНБАЙ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: «Өз басыма ерекше әсер еткен мәселе АЭС шешуге қатысты референдум арқылы шешілетіні. Ол расымен де қоғамда ерекше пікір талас болып жүрген мәселе. Мен өзім Түркиядағы Аққою АЭС салыну барысын көріп қайттым. Электр қуатынсыз экономика дамымайды. Атом электр станциясы қажет пе қажет емес пе халыққа дұрыс түсіндіру үшін халық қалауын білу үшін референдум қажет деп ойлаймын. Ол дұрыс шешім.»

ГЕННАДИЙ ШИПОВСКИХ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: «Біз қазір саяси реформадан экономикалық реформаға көшіп жатырмыз, бір сөзбен айтатын болсақ, экономикалық серпіліс жасайтын уақыт келді. Қуантатын жағдай бар. Мен нақты бағытқа тоқталайын. Екі министрлік құрылатыны. Логистика мәселесіне келетін болсақ, Президент өзі де айтты. Бізге қазір логистикалық мәселені шешу үшін нақты мемлекеттік оператор қажет. Ол көлік-логистикалық құрылады болашақта».

Айта кетейік, сенаторлар өңірлерге сапарларын сәтті тәмамадап, жұмыс орындарына оралды. Олар жаз бойы әр аймақта болып, халықпен кездесіп, ағайнның өзекті проблемаларымен танысып, жалпы саны 580-нен аса кездесу өткізген.