"

Республикалық жолдардың тек 3 пайызы ғана қауіпсіз. Оларды толық жөндемейінше жол апатынан қаза табатын адам санын азайту мүмкін емес. Ол аз десеңіз, қала сыртындағы жолдар да стандартқа сай келмейді. Осылай деген Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бүгін Үкіметте баяндама жасап, сапасыз жолдар мен жүгенсіз жүргізушілердің кесірінен адам шығыны азаймай тұрғанын айтты. Бас полицей үкіметтен автомектептерді бақылауына қайтаруды сұрайды. Айтуынша, сонда ғана жол-көлік апаттары азаяды. 

Қара жол қателікті кешірмейді, еркелікті көтермейді дейміз. Жыл сайын 2 мыңнан аса адамның ажалы осы жолдан келеді, 19 мыңдай жолаушы жылда түрлі дене жарақатын алады. Биыл жол ережесін бұзу 58%-ға, қарсы жолаққа шығу деректері 70%-ға көп. Ұсталған «мас» жүргізушілердің саны да 15%-ға өсіп кеткен, барлығы әкімшілік қамауға алыныпты. Мас күйінде қайта басқару фактілері бойынша қылмыстық істердің саны 20%-ға көбейген. 

ЕРЖАН СӘДЕНОВ ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ: «Апаттардың өсуіне себептер біріншіден, тіркеу тәсілдерінің өзгеруі, екінші автотранспорттардың өсуі, былтырғы жылдан бері 608 мыңға өсті. Инфрақұрылым жағдайы. Төртінші жүргізушілер сапасы. Аталған мәселелерді шешу жолдары қоғамдық қауіпсіздік қамтамасыз ету концепциясында көзделген. Оның тиімділігі көбіне әкімдіктермен уәкілетті органдардың белсегділігіне байланысты. Қазір бұл байқалмайды. «Vision Zero» тек Алматы мен Павлодарда бар. Қалған әкімдер жарақат алу бағдарламасында жағдайды жақсарту бойынша нақты шаралар көрсетпеген ».

Көліктерді былай қойғанда соңғы кездері жол ережесін мопед жүргізушілері көп бұзады. Биыл жыл басынан бері 39 мың жүргізуші анықталып, тиісті жазасын алған. Оның ішінде 202 азамат кәмелетке толмағандар. Олардың ата-аналары жауапкершілікке тартылыпты. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Биылдың өзінде мопедтердің қатысумен болған апатта 27 адам қаза тапты. Масқара дерек. Осы мәселені қалай шешіп жатырмыз?»

ЕРЖАН СӘДЕНОВ ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ: «Көбіне мопедті басқаратын жасөспірімдер мен курьерлер. Қазіргі таңда заңнамалық шараларды қабылдап жатырмыз. Бірінші - бүкіл маподтерді тіркеу жұмысын жүргізу. Кейін мемлекеттік нөмір беріледі. Яғни мопед жүргізу үшін куәлік керек болады. Қазір заң жобасы Сенатта қаралып жатыр».

Бұдан былай жүгенсіз жүргізушілерге жаза қатаяды. Оны ІІМ өзі ұсынып отыр. Әйтпесе, заңға бағынбайтындар кесірінен адам өлімі көбейгенін министр баяндамада бір емес бірнеше мәрте атап өтті. 

ЕРЖАН СӘДЕНОВ ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ: «Шілдеде Қарағанды облысы «Алматы-Екатеринбург» трассасының жөнделіп жатқан учаскесінде 2 аптада 3 жол көлік оқиғасы болды. Онда 9 адам қаза тауып, 14 жарақат алды. Ақтөбе облысында бір шұңқырдың кесірінен 2 жол апаты болды, 4 адам зардап шегіп, біреуі қаза тапты. Мұндай фактілер әр аймақта бар. Шұғыл түрде 4 және одан да көп жолағы бар 6 мың шақырымнан астам жол салу қажет».

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жолдарда бақылауды күшейту үшін цифрлық жүйе енгізіліп жатқанын айтты. Осы мақсатта республика бойынша жол ережелерін бұзуды тіркейтін 24 мыңнан астам автоматты камера орнатылды. Патрульдік автокөліктерді бұзушылықтарды тіркейтін жүйелер де қойылуда. Енді мұндай жаңа технология жақын арада маршруттық автобустар, жедел жәрдем және мемлекеттік автокөліктерге де орнатылуы мүмкін.