Алматыда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке гүл қойылды. Салтанатты рәсімге Алматы қаласындағы зиялы қауым мен тұрғындар қатысты. «Ешкім де, ештеңе де ұмытылған жоқ». Екінші дүниежүзілік соғыстың Кеңес одағы үшін аяқталған күнін осындай ұранмен қарсы алатын елдер бар. Бұл ұран біздің қоғамға да сыналап енгенімен, қазір мағынасы мен қолданылатын кезеңі өзгеріске ұшырап отыр. Қазақ қоғамы қазір бұл сөзді 9 мамырдан гөрі 31 мамырда жиі еске алады.
Өйткені, саяси қуғын-сүргіннің ашылмаған ақтаңдақтары әлі жетерлік. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау комиссиясы 4 жыл бойы (2019-2023) жұмыс істеді.