Бағбандардың өсірген өнімі жергілікті жердегі дүкен сөрелерінде сатылу керек. Маңғыстау облысының әкім Нұрдәулет Қилыбай аппараттық жиында жауаптыларға осындай тапсырма берді. Сондай-ақ ауқымды жиында өсімдік шаруашылығы мен бау-бақша саласындағы кәсіпкерлерді қолдау мәселелері қаралды. Бұдан бөлек қалалар мен елді мекендерді санитарлық тазарту және абаттандыру шаралары бойынша жауаптыларға ауқымды жұмыс жасау керектігін айтты.
Маңғыстауда 16 наурыздан бастау алған сенбілікке 26 467 адам қатысып, 286 жүк тиеуші және тасымалдаушы техника жұмылдырылған. Нәтижесінде 556 тонна қалдық жиналды. Сондай-ақ, 110-нан астам мекеме мен студенттер 52-ден астам тарихи-мәдени ескерткіштер орналасқан аймақтарда абаттандыру жұмыстарын ұйымдастырыпты. Деседе жасалған жұмыс әлі де шикі. Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай бір ғана Ақтаудың айналасында алынбай жатқан қоқыстар бар екенін айтып, жауапты тұлғаларға шегелеп тұрып тапсырмасын берді.
НҰРДӘУЛЕТ ҚИЛЫБАЙ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ «Неге осындайда жандарыңыз ашымайды қалаға? Неге сол көліктерді тауып алып, сол құрылыс мекемелеріне айыппұл салмайсыздар»? -Айналысайын. «Айналысайын емес, сіздер айтқаннан кейін айналысасыздар. Барып қараңыздар, анау жерді не болып жатқанын. Мына жерде үй салынды, мына жерде спорт кешені салынды, дальше шықсаң тау болып қоқыс үйіліп жатыр. Әкімшіліктің жұмысшысыз, екіншіден осы жердің тумасысыз, сонда емін еркін қарап өтіп кете бересіз ба? Жандарыңызға батпай ма? Сіздер көргілеріңіз келген нәрсені көресіздер, көргілеріңіз келмеген нәрсені көрмейсіздер. Мына Ақтау рахат болды. Апарып төгіп тастайды. Үш күн уақыт беремін, қандай көлік қоқыс төкті? Маған есеп бересіз»
Сондай-ақ жиын барысында өсімдік шаруашылығы мен бау-бақша саласындағы шаруа қожалықтарына қолдау көрсету мәселесі көтерілді. Өңір басшысы Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік басқармаларына аудан әкімдіктерімен бірлесіп, кәсіпкерлерді субсидиялау түрінде қолдау көрсету жолдарын қарастыруды және көмек көрсетуді тапсырды.
НҰРДӘУЛЕТ ҚИЛЫБАЙ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ « Жақында біздің шаруалардың бау-бақшасындағы алма ағаштары жемісін береді. Бірақ оларды ешкім сатып алмайды. Өйткені бағасы қолжетімсіз. Табиғи түрде өскен, нитраты жоқ алма керексіз болып, жерде шашылып жатады. Сондықтан, кәсіпкерлерге субсидия беріліп, Маңғыстауда өскен алмалар дүкен сөрелерінде тұруы керек. Сондай-ақ оның бағасы нарыққа сырттан келетін жемістердің бағасынан төмен болуы тиіс».
Аппарат кеңесінің қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының әкімі жасыл желектер мен елді мекендерді абаттандыру жұмыстарын жалғастыру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.