Семей орманында айлығы көтерілмеген мыңдаған жұмысшының еңбекақысы ескерусіз қалмайды. Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов айтты.

 

ТӨЛЕГЕН ОСПАНҚҰЛОВ ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: «Бұл жағдай бойынша Үкіметтің арнайы комиссиясы құрылып, болған жағдайлардың бәрін толықтай зерттеп, жұмыс берушінің кінәсі 100% екені анықталды. Қазіргі күні барлық кінәлі адамның үстінен іс қозғалды. Шын мәнінде сол жерде жұмыс істейтін әкімшілік қызметкерлердің айлығы көтерілді. Ал қарапайым жұмысшылардың айлығын көтеру мәселесі бойынша Экология министрлігімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Оның нәтижесі болады. Ескерусіз қалмайды».

 

Айта кетейік, елімізде Еңбек күні апталығы басталды. Бұл мереке 2013 жылдан бастап жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтіледі. Биыл да республика бойынша алдымыздағы сенбі, жексенбі күндері бірнеше маңызды шаралар болады. Ал, 22 қыркүйекте «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздары жарияланады. Биыл конкурсқа қатысу үшін 591 өтінім берілген. Олар «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша сайысқа түседі.