Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар қаржы нарығын дамыту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері туралы заңды қарады. Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарады. Сенаторлар атап өткендей, заң нормалары қаржы секторындағы рұқсат беру рәсімдерін оңтайландыруға, қаржыға қолжетімділікті арттыруға, алаяқтыққа қарсы іс-қимылға, қаржы қызметтері мен байланыс қызметтерінде тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және азаматтардың банкроттық рәсімдерін жетілдіруге бағытталған.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Қаралған заң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру мақсатымен әзірленген. Құжат еліміздің қаржы секторының құқықтық реттелуін кешенді түрде жетілдіруге арналған ауқымды түзетулер топтамасын қамтиды. Бұл түзетулер банк секторындағы бәсекелестікті арттыруды және құнды қағаздар мен сақтандыру нарықтарын одан әрі дамытуды көздейді. Сондай-ақ елімізге шетелдік банктерді тарту үшін рұқсат беру талаптары оңтайландырылды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғауды және алаяқтыққа қарсы іс-қимылды күшейтуді көздейтін нормалар да қарастырылды. Заңды қарау барысында сенаторлар азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және заң нормаларын жетілдіруге арналған ұсыныстарын да берді».

Сенаторлар ұсынған түзетулер шеңберінде Ұлттық Банктің Антифрод-орталығының дерекқорларын ұялы байланыс операторларының базаларымен интеграциялау регламенттеледі, алмасуға жататын мәліметтердің тізбесі нақтыланады және алаяқтық белгілері бар қоңырау анықталған жағдайда ұялы байланыс операторларының іс-әрекеттері айқындалады. Осыған байланысты отырыста сенаторлар енгізген түзетулермен заңды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.