Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – еліміздің табиғи байлығын көздің қарашығындай сақтап отырған аса маңызды қорғалатын аумақтардың бірі. Алматы қаласының маңында орналасқан бұл парк ерекше флорасы мен фаунасымен ерекшеленеді. Мұнда сирек кездесетін, жойылып кету қаупі төнген жануарлар мен өсімдіктер мекендейді. Солардың ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарлар ерекше қорғауға алынған.Парктің аумағында тіршілік ететін арқар, қар барысы, Тянь-Шань қоңыр аюы, қызыл қасқыр, бүркіт, құмай сияқты аң-құстар – экожүйенің ажырамас бөлшегі. Бұл жануарлардың әрқайсысы табиғаттың өзіндік бір ғажайыбы. Мәселен, қар барысы – өте сирек кездесетін жыртқыш. Бүгінде оның саны азайып кеткендіктен, Іле-Алатау ұлттық паркі оның мекендеу ортасын сақтау мен көбейту бағытында кешенді шаралар жүргізіп отыр.

РАДМИР АЛМАСОВ, ІЛЕ-АЛАТАУ МҰТП АҚСАЙ ФИЛИАЛЫНЫҢ АҢТАНУШЫ-БИОЛОГЫ

Ұлттық парк қызметкерлері күнделікті рейдтер ұйымдастырып, заңсыз аңшылықтың алдын алуға барынша күш салады. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Әрбір жануардың санын есепке алып, олардың мекендейтін жерлерін бақылауға алу арқылы нақты қорғаныс тетіктері жүзеге асады.