Солтүстік Қазақстан облысында эпидемиялық маусым басталғалы бері 250-ге жуық адамды кене шаққан. Оның 70-тен астамы14 жасқа толмаған балалар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 32 пайызға төмен. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары кене шағудың салдары қауіпті екенін айтады, өйткені кене вирустық энцефалитін немесе Конго-Қырым геморрагиялық безгегін жұқтыруы мүмкін.Кенелер ерте көктемнен күздің соңғы айларына дейін белсенді. Әсіресе мамыр, маусым айында олардың саны күрт өседі. Тау, орман, қала маңында, табиғат аясында демаламын деп шешсеңіз жеңі ұзын, денені жауып тұратын ашық түсті киім киген жөн. Паразит жәндік шағып алған жағдайда мүмкіндігінше ертерек медициналық көмекке жүгіну керек. Себебі оның арты тіпті адам өліміне де әкеліп жатады.
ҒАЛИЯ СЫЗДЫҚОВА СҚО №1 ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР БӨЛІМІНІҢ ДӘРІГЕРІ: «Кене шағып алғанын байқаған жағдайда бірден медициналық мекемеге, травматикалық пункт көмегіне жүгіну керек. Дәрігерлер тиісті көмек беріп, алдағы үш апта бойы бақылауға алады. Ал кененің өзі зертханаға жіберіледі. Негізі паразит жәндіктер шаққан кезде бәрінде бірдей ауру бола бермейді. Себебі кененің бәрі бірдей ауру таратпайды. Бірақ кейде адамның қызуы көтеріліп, денесінде бөртпелер пайда болып жатады».