Солтүстік Қазақстан облысында соңғы бір аптада 8 буллинг фактісі тіркелді. Оның бесеуі облыс орталығында, ал қалған үшеуі аудан мектептерінде анықталған. Петропавл қаласы мен 6 ауданда кәмелетке толмағандардың әртүрлі суицид пен зорлық-зомбылық көріністері бар сайттарға еркін қол жеткізгені белгілі болды. Бұл туралы облыстық прокуратура мамандары жиын барысында айтты.
Тыйым салынған интернет-контенттер Тайынша, М. Жұмабаев, Ақжар, Шал ақын, Мамлют, Айыртау аудандары және Петропавл қаласының білім мекемелерінде қолжетімді болған. Енді аталған мектеп директорлары мен жауапты тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылады. Облыстық прокуратура мамандарының айтуынша қазір интернет-сайттарға кіруге шектеулер қойылып жатыр. Сондай-ақ, мектептердегі мониторинг жұмыстары әрі қарай жалғасады.
ҚАЗБЕК ҒАЛЫМЖАН СҚО ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ: «Жалпы білім беру ұйымдарында информатика кабинетінде тыйым салынған сайттар қолжетімді болған. Олар балалардың өміріне және денсаулығына қауіп келтіреді. Сондай-ақ, суицид фактісіне әкелетін сайттар.Осы заң бұзушылықтар тексеріс барысында анықталды».
Жамбыл ауданында бір үйдің екі баласы екі жыл бойы мектепке мүлде бармаған. Ата-аналарына бірнеше рет ескерту берілгенімен, мәселе шешімін таппады. Сондықтан қазір оларға қатысты үстерінен іс қозғалып, ата-ана құқығынан айыру жазасы қолданылмақ.
ҚАЗБЕК ҒАЛЫМЖАН СҚО ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ: «Тексеріс барысында Айыртау ауданында мұғалімнің жалған дипломмен жұмыс істеу фактісі тіркелді. Ол бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өткізілген кеңестің нәтижелері бойынша балалар арасында профилактикалық тиімділікті арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірленді».
Биыл кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық 7 пайызға азайған. 62 жағдай тіркелген. Олардың дені ұрлық, қорқытып алу және бұзақылық. Сондай-ақ, оқушылар арасындағы буллинг те өршіп тұр.