Су тасқыны туралы Парламентте отырып бос сөз айтудың керегі жоқ. Пленарлық отырыстан кейін мәжілісмендер су алып жатқан өңірлерге аттанып, халықтың хәлін біледі. «Депутаттар елмен бірге»- деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.Бүгін төменгі палата энергетика саласына қатысты заң жобасын қарады. Жаңа құжатқа сәйкес енді энергетика саласы қатаң бақылауға алынатын болды. Делдалдар жойылады. Бірақ, одан электр энергия тарифі арзандап кетеді деген сөз емес. Толығырақ алдағы бейнематериалда.
Парламент бүгін бірқатар заң жобасын жұмысқа алды. Алайда, оның арасында су тасқыны туралы әңгіме жоқ. Елдің әр өңірі тасқын астында қалып жатқанда, қашан осы мәселені талқылаймыз деп депутат Ринат Зайытов төрағадан сұрап еді, бұл сұрақ спикерге еш ұнамай қалғандай.
РИНАТ ЗАЙЫТОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Күн тәртібі бойынша бірден ертеңінде талқылаушы едік, шахтадағы апат бойынша да, су тасқыны бойынша талқылау қашан болады».
ЕРЛАН ҚОШАНОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
«Депутаттық сауалыңыз болса, отырыс соңына жарияласаңыз болады».
Мәжіліс деупататтары энергетикаға қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа құжатқа сәйкес енді энергиямен жабдықтаушы ұйымдар толық жойылады. Бүгінде, нарықта олардың екі түрі жұмыс істеуде. Бірі: реттелген, екіншісі реттелмеген. Сол екіншісі реттелмегендер ойына келген тарифті қойып отырған көрінеді. Нәтижесінде, жылына 1 млрд теңгеге дейін пайда тауып отыр екен. Енді ондай делдалдар толық жойылады. Біріңғай жүйе енгізіледі. Бірақ, одан тариф төмендей ме жоқ па ол жағы белгісіз. Депутаттар бұл заң тозығы жетіп, әбден ескірген жылу электр орталықтарына қандай да пайдасы бола ма деп үміттенеді.
АМАНЖОЛ ӘЛТАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Жақында сіздің министрлік 2032 жылға дейін 26 гигабайттық қуаттылықты енгізу жоспарын жариялады. Онда Көкшетаудағы, Семейдегі және Өскемендегі 3 ЖЭС-тан басқа энергия көздері туралы ақпарат жоқ. Жалпы еліміздегі ЖЭС-тардың алды сіз екеуіміз тумай тұрғанда салынған. Ал негізгі дені екеуіміздің сәби кезімізде салынған ЖЭС-лар. Ыңыршағы ауып, қалтылдап өлгелі тұрған, яғни ескірген әрі тиімсіз ЖЭС-ларды жаңғырту мәселесі қалай қолға алынып жатыр? Жылпы сіздерде ЖЭС-ларын жаңғыртудың стратегиялық жоспары бар ма?»
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жауапты қысқа қайырды. Электр желісін дамытудың схемасын депутаттарға беретінін айтты. Сөзінше, құжатта интерактивті карта бар. Онда барлығы ашық жазылған. Ал, депутат Ерлан Сайыров еліміздегі гидроэлектр станцияларының тағдырына алаңдайды. Олар шет ел инвесторларының иелігіне өтіп кетмей ме деген мәселені көтерді.
ЕРЛАН САЙЫРОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Ақпарат құралдарында Өскемен және Шүлбі ГЭС-терін Самұрық-Қазына қорынан Самұрық-Энерго компаниясына беру жөніндегі шешім шықты. Осыдан үш жыл бұрын Қазақстан мен Катар мемлекетінің бір қоры арасындағы осы ГЭС-терді инвестицияға айырбастау жөніндегі жоба болған. Ол жобаның артында сөйтсек, сол кездегі Ескі Қазақстанның өкілдері тұр екен. Қазір осы Өскемен және Шүлбі Самұрық-Қазына қорынан Самұрық-Энерго компаниясына өткізу сол қадамның жалғасы емес пе? Тағы да сіздер, ақалай-мақалай жасап, халықтың меншігін тағы біреуге өткізгелі жатқан жоқсыздар ма?»
Өз кезегінде министр, алаңдауға еш негіз жоқ деп сендірді. Гидроэлектр станцияларының жеке адамдарға сатылмайтынына кепілдік беремін деді. Ал, Атом электр станциясын салу не салмауға қатысты референдум қашан өтетіні әлі белгісіз. Оны орталық сайлау комиссиясы шешеді деді. Энергетиктердің жалақысы туралы мәселе көтеріліп еді, алайда жалақыны өсіреміз деген сөз болмады. Айтпақшы, депутаттар жарықты ойына келетін бағамен сататын жеке меншік трансформатор иелеріне тосқауыл қоюды сұрап еді. Оған министр, ұрлық фактісі болса, қарауға дайынбыз. Бастысы өз назарыма аламын деп сендірді.