Көктем келеді. Үкіметтің көп уәдесі көлкіп суға кетеді. Осылай деп үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың жұмысын сынаған депутат Мақсат Толықбаев мемлекет тек үймен ғана қамтымай, зардап шеккендерге жан-жақты көмекті көрсетуі керек дейді. Ал, қорасы мен малының құжаты жоқтар сонда қайтпек деп Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Айтпақшы, депутаттар алдағы уақытта да осы өңірлерге қайта барып, жағдайды бақылауда ұстамақ. 

МАҚСАТ ТОЛЫҚБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Рас, Мемлекет басшысының: “Ешкім назардан тыс қалмайды, зардап шеккен тұрғындарға түгел көмек көрсетіледі”, – дегені, дертке дауа, көңілге медет. Бірақ комиссия шығынды есептеп, үйлер салынғанша кемі 4-5 ай уақыт кетеді. Осы кезде малмен жан бағып отырған ағайын төрт-түлігін тастап қайда барады? Малы өрісте, өздері аудандағы колледжде жайбарақат жатады дейсіз бе? Ертең ел-жұрттың есін шығаратын тағы бір мәселе бар! Алыстағы ауылдарда суға кеткен кейбір үйлердің әлі күнге дейін құжаты жоқ. Қора-қопсысы мен құлағында сырғасы жоқ малдары туралы айтпай-ақ қояйын. Қазақ ауылдағы қорасына қашан құжат рәсімдетіп еді? Оларды қайтеміз? Далада қала ма? Осы жағын да ойластыру керек».