Ұлттық ұланның Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінің атыс алаңында күрең беретке үміткерлердің біліктілік сынағы өтті. Оған еліміздің әр аймағынан арнайы мақсаттағы бөлімшелердің әскери қызметшілері қатысты. Дәстүрлі додаға 300-ге жуық ниет білдірушінің арасынан іріктелген 80-нен астам үміткер қорытынды сынаққа қатысты. Олар алғашқы кезеңде теориялық тестілеуден өтіп, дене шынықтыру дайындығынан өтті. Төмен көрсеткіш көрсеткен қатысушылар екінші кезеңге өте алмады. Шешуші кезеңге небәрі 44 үміткер іріктелді. 

Шешуші кезеңнің бірінші күні сынаққа қатысушылар таңғы сағат 05:00-де дабыл арқылы оянды. Сол күйі 5 шақырымға жүгіру бойынша сынақ тапсырды. Одан соң ұзақ та күрделі жорыққа аттанды. Жолда олар қарсыластың шабуылын тойтару, жараланған қаруласының жарасын танып, қауіпсіз аймаққа сүйреп өту, өрт шыққан аймақтан тыныс алуға арналған бас киіммен жүгіру секілді тапсырмаларды орындады. Жолай әбден шаршаған жауынгерлер бауырымен жорғалап, жатқан күйі тасалануға арналған ор қазды және етігімен су кешті. Таң атпастан аяққа тұрған үміткерлер желе жортқан күйі кешке дейін дамыл таппады. Сынақ кезінде жауынгерлерге физикалық және психологиялық соққы жасалды. Олар соған қарамастан кезіккен қиындықтарды жеңіп, мәреге жету үшін ерік-жігерін аяған жоқ.

БАУЫРЖАН ӘБЖАНОВ, ҰЛТТЫҚ ҰЛАН БАС ҚОЛБАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Біліктілік сынағын тамашалап, қадағалауға әлемнің 4 елінен әріптестеріміз қатысып отыр. Олар Түркия, Ресей, Қырғыстан, Қытай елдерінен келген әскерилер. Осылай біз бір-біріміздің әскери тәжірбиемізді алмасуды мақсат еттік. Бабы мен бағы қатар шауып, ауыр сыннан сүрінбей өткендер  күрең берет иегері атанды. Жігіттеріміз қиындықтардың барлығын еңсерді. Сынға түскен 44 жігітімізге өзінің күш-жігерін көрсете білді». 

Осынау бір аптадан бері арнайы жасақ жауынгерлері орындап жатқан тапсырмалар легі аяқталды. Сынақтың қорытынды күні олар 10 шақырым жүгіріп, оқ дәрі салынған қобдишаларды сүйреуден норматив тапсырды. Селкілдек көпір үстінен өтіп, темір бағаннан төменге сырғанады. Қиғаш қойылған ағаштардың бірінен еңкейіп, бірін аттап, шынжыр байланған дөңгелектер қабырғасына өрмелеп шықты. Аспалы темірлерді де артта қалдырды. Суға секіріп, биік тас қабырғаны бірлесе еңсерді. Осы уақыт аралығында сыннан сүрінбей өткендер ақтық сынақ – қоян-қолтық төбелеске шықты. Үш раундтан тұратын жекпе-жектің соңғы бөлімінде рингтегі жігіттер тың тұрған күрең берет иегерлерімен күш сынасты. Бұған дейін сапта болған 15 үміткердің бәрі де 9 минут бойы соққыларға төтеп берді. Әлі кетіп, күші сарқылғандардың өзі темірдей төзімділік танытты. Осылайша, олардың бәрі де күрең берет иегерлері атанды.