Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge 2023 халықаралық форумына қатысты. Қазақстан Президенті бұл форумның кейінгі бес жылда IT индустриясының соңғы үрдістері мен даму перспективаларын талқылауға арналған Орталық Азиядағы ең ірі алаңға айналғанын атап өтті. Биыл Digital Bridge форумына 20 мыңнан астам адам жиналды. Оның ішінде 300-ден астам IT компанияның өкілдері және 30 елден келген делегация бар. Әдеттегідей Форумға қызығушылық жоғары. Бұл Қазақстанның Еуразия кеңістігінде жетекші әрі маңызды цифрлық және қаржылық технология хабы екенін тағы да нақтылай түседі. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі шараның тақырыбы – өте өзекті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Жасанды интеллект бұдан былай ғылыми фантастика емес, өмірдің ақиқатына айналды. Жаңа дәуірдің басталғанына куә болып отырмыз. Кезінде электр жарығы мен интернетті ойлап табу тіршілігімізді қалай түбегейлі өзгертсе, жасанды интеллекті технологиясының ықпалы да дәл сондай орасан зор. Ол адамзаттың тұрмыс салтын мүлдем басқа арнаға бұрып, жұмыс процестерін автоматтандырады және ауқымды экономикалық құндылық қалыптастыра алады. Кейбір сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға қосатын елеулі үлесі – дүниежүзілік ЖІӨ-нің төрттен бір бөлігіне парапар. Аталған технологияның кең қолданысқа ие болуы Қазақстанның қарқынды дамуында маңызды рөл атқара алады».
Президенттің пікірінше, қысқа мерзім ішінде жасанды интеллектіні дамыту үшін барлық жағдайды жасау қажет. Мемлекет басшысы форум қатысушыларына бұл бағыттағы жұмыстың негізгі басымдықтарын атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Жасанды интеллектіні қолдану аясын және оны дамытудың міндеттері мен құралдарын айқындайтын стратегиялық құжат қабылдау керек. Бұл – халықаралық озық тәжірибе. Мұндай қадам елімізді технологиялық тұрғыда дамытудың орнықты бағытын айқындауға мүмкіндік береді. Ең алдымен, жасанды интеллект технологиясын экономикамыздың мұнай-газ секторы, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика секілді маңызды салаларына енгізуге мән беруіміз қажет деп санаймын. Жасанды интеллект қалаларымызды өмір сүруге және жұмыс істеуге қолайлы әрі толыққанды ақылды қалаға (smart city) айналдыру процесін айтарлықтай дәрежеде оңтайландыра алады. Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланудың да маңызы зор. Бұл орайда біз елеулі нәтижеге қол жеткіздік. Атап айтқанда, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға және оларға проактивті мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін «Отбасының цифрлық картасы» іске қосылды. Мұндай өнімді «Бәйтерек» холдингі базасында бизнес үшін де енгізу керек. Менің тапсырмам бойынша бұл бағытта ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстары басталып кетті».