Мемлекет басшысы дәстүрлі Digital Bridge халықаралық технологиялық форумы аясында ұйымдастырылған роботты техника, Social Tech, Creative Economy, AI, FinTech, Industry 4.0, GovTech тақырыптық көрме аймақтарын, сондай-ақ Kaspi.kz, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Astana Hub, Freedom Bank, MyCar және тағы да басқа ұйымдардың көрме стендтерін аралап көрді.
Роботты техника аймағында Мемлекет басшысы көптеген жарыстарда жеңімпаз атанған роботты техникадан Қазақстан құрамасының мүшелерімен әңгімелесті және Ustem Foundation, Alem School, MakerSpace жобаларымен танысты. Мемлекет басшысы көрмеге қатысушыларға өздерінің цифрлық жобаларын табысты жүзеге асыруына тілектестік білдірді.
Президент еліміздегі цифрландыру үрдісі тек бір саланы ғана жетілдіруге емес, сонымен қатар жалпы экономикамыз бен қоғам өмірінде елеулі өзгерістер жасауға бағытталғанын атап өтті.