Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын марапаттау рәсіміне қатысты. Отандық өнімдердің өрге басуына қызмет жасап жатқан кәсіпкерлердің алдында сөйлеген сөзінде Президент, мұндай шаралар еліміздегі инвестициялық климатты жақсартуға ықпал етуді көздейтіндігін алға тартты.Сондай-ақ өзінің тапсырмасына сәйкес өңдеу секторына қаржы салатын инвесторлар келесі жылдан бастап үш жылға салықтан босатылатынын айтты. Сонымен қатар бұрын-соңды мұндай жүйелі шаралар болмағанын әрі оның шешуші сипаты бар екенін, әйтпесе, инвестиция үшін өте жоғары халықаралық бәсекелестік қалыптасып тұрған жағдайда Қазақстанның көздеген мақсатқа қол жеткізуі қиынға соғатынын жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

«Өздеріңізге мәлім, бұған дейін отандық бизнесті негізсіз тексерулер мен заңсыз қылмыстық қудалаудан қорғау жөнінде тапсырма берген болатынмын. Қабылданған шаралардың нәтижесінде кәсіпкерлік саласындағы тіркелген қылмыстар саны екі есе азайды (837-ден 402-ге дейін). Ақтау негізі бойынша тоқтатылған қылмыстық істер саны шамамен бес есе қысқарды (416-дан 92-ге дейін). Инвестициялық жобаларды прокуратура органдарының сервистік қадағалауына баса мән беріледі. Инвестициялық жобаларды «жасыл дәліз» қағидаты бойынша қолдау жүйесі енгізіледі. Бұл инвесторларға рұқсат беретін құжатты алу ісін оңайлатады және жеделдетеді. Сонымен қатар оларға жер учаскелерін беру және коммуникация жүргізу жұмыстарын жеңілдетеді».

Мемлекет басшысы Үкімет пен бизнес-қоғамдастық бірлесіп, кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін артық талаптарды анықтау үшін ауқымды жұмыстар жүргізгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, 10 мыңнан астам заң нормасы жаңа реттеуші саясаттың негізгі талаптарына сай келмейтіні анықталды. Бүгінде оның 90 пайызы күшін жойды. Қалғаны жыл соңына дейін ретке келтіріледі. Сын-қатерлерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі бақылаушы органдардың бизнеске қысымын шектеудің маңызды құралына айналады. Ол 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады және адамның қатысуынсыз тексеруді белгілеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, бизнеске жоспарлы инспекция жасау екі есе қысқарады. Ал айыппұлдар саны бірнеше есе азаяды.Сонымен қатар бизнес пен мемлекет арасындағы қатынастардың жүйелі түрде жаңғыруына қазір әзірленіп жатқан жаңа Салық кодексі ықпал етеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:«Атап айтқанда, онда фискальды органдарды әкімшілендірудің сервистік моделіне көшіру мәселесі қамтылады. Бизнес субъектілерінің салықтық есебін 30 пайызға азайту жоспарланып отыр. Салықтық төлемдер саны кем дегенде 20 пайызға оңтайландырылады. Көлік құралдарына арналған салық бойынша есеп айырысу мен декларация, сондай-ақ жер мен мүлік салығына қатысты жүктеме бір миллион теңгеден аз болса, есеп айырысу алынып тасталады. Кәсіпкерлердің банктердегі шоттарын бұғаттау кезінде олардың салықтық қарызына тең көлемдегі қаржысына ғана шектеу қойылады. Бизнесті дамытудың қазіргі ынталандыру тетігін сақтай отырып, қосымша қолдау шаралары қабылданады. Түсінікті және болжамды салық саясаты экономикалық өсімге тың серпін береді деп сенемін».

Мемлекет басшысы жиын соңында «Алтын сапа» және «Парыз» байқауларына қатысқан кәсіпкерлерге ризашылығын білдіріп, лауреаттарға наградаларын тапсырды.