Орал қаласының іргесіндегі екінші саяжай тұрғындары наразылыққа шықты. Олар ұзақ жылдар бойы жол азабын тартып келеді екен. Әсіресе, көктем мен қыс мезгілдерінде бұл аумақта қатынас қиындайтын көрінеді. Балаларының өміріне алаңдаған оралдықтар мемлекеттік мекемелердің де табалдырығын тоздырған. Бірақ еш нәтиже жоқ.
Жан айқайын жоғарға жеткізбек болған жұрттың шыдамы таусылған. Қас қарайғанына қарамастан жұмыстан үйлеріне оралған тұрғындар наразылық білдіріп, жол бойына жиылды. Бұл олардың күн сайын қалаға қатынайтын жолы. Көктем мен күз мезгіліндегі сыйқы осы. Қоғамдық көліктер, жедел жәрдем мен такси жүргізушілері сапасы сын көтермейтін жолмен жүруден бас тартады екен. Тұрғындар қол жинап, жауапты органдарға арызын жеткізген. «Бірақ естір құлақ табылмады» деп ашынады.
СВЕТЛАНА ТЯТИНА ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: "2-ші саяжай Коммунальник аялдамасының жолы өте нашар. Әсіресе балалар үшін қауіпті. Қазір қараңғы ерте түседі. Іші балаларға толы автобус оқыстан апатқа ұшыраса ше? Жаяулатып келетін балалар да бар. Қараңғы көшеде жазым болса қайтеміз? Маусымдық орын деп саяжайларды көзге ілмейді. Біз не үшін ай сайын қаражат төлеп отырмыз?"
ЛАРИСА СЛАДКОВА ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: "Әкімдікке өтінішімізді айттық. Мардымды жауап алмадық. Саяжай қаланың сыртында орналасқандықтан қолдау көрмеуіміз керек пе? Өз қаражатымызға жөндеуге кеңес берді. Тіпті Президентке жолдаған хатымызға да осындай мәтіндегі жауап қатты. Өзіңіз ойлаңызшы? Қарапайым халықта жол жөндейтіндей ауқымды қаражат бар ма? Саяжайда осал топтағы, көпбалалы отбасылар тұрады. Айлығы шайлығына жетпейді. Қашан үнімізді тыңдайды бұл билік?"
Азаматтар жол мәселесін бірінші жыл көтеріп отырған жоқ. Саяжай қауымдастығы төрағасы жолдың жырын жатқа біледі. «Жыл сайын өтінішіміз қажетті жерге жеткенімен, әрекет байқалмайды»-дейді төраға. Айтуынша, саяжайдың кіреберіс жолына ешбір мекеме жауапты емес көрінеді.
АНДРЕЙ ЗАОЗЁРОВ БҚО БАУ-БАҚША СЕРІКТЕСТІГІ ҚОҒАМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: "Сіз айтып отырған мәселе өзекті. Көп уақыттан бері саяжай тұрғындарымен бірге құзырлы органдардан жол учаскесінің кімге тиесілі екенін анықтаумен келеміз. Теңгерім ұстаушының кім екені белгісіз болғандықтан біз меншік иесіне кіреберіс жолдарды ретке келтіруді міндеттей алмаймыз. Ең алдымен жергілікті атқарушы орган бізге жол учаскесінің иесі туралы ақпарат беруі тиіс. Кейін бірлесе отырып, теңгерім ұстаушыға талап қоя аламыз".
Бұл мәселе бойынша Орал қаласы әкімдігі сұрақтарымызға жауап беруден бас тартты. Тұрғындардың айтуынша, №22 және №32 мектептерде саяжайда тұратын оқушыларды тасымалдайтын көлік бар. Бірақ кейде оқушыларды Коммунальник аялдамасынан түсіріп кетеді. Балалар үйлеріне 3-4 шақырым жаяулатып жеткен күндер болған. Оқушылардың қауіпсіздігіне алаңдаған мектеп әкімшілігі өз беттерімен әрекет жасап жатыр.
САЯ БОРАНШИЕВА №32 ЖОББМ ӘЛЕУМЕТТІК ПЕДАГОГІ: "№32 мектептен бастап Урожайный аялдамасына дейін тасымалдаймыз. Яғни, екі ауысымда оқитын 1, 2 саяжай мен оның бұрылысындағы аумақты қосқанда 135 баланы қамтып отырмыз. Биыл асфальтты жолға арналған жаңа автобус берілді. Жылдамдық режимі 40-тан аспайды. Ал мұндай жол тіптен кедергі келтіреді. Желтоқсанның бірінде балаларды үйлеріне жеткізе алмадық. Сол себептен мектеп әкімшілігі шұрық-тесік жолды бітеу мақсатында қолданыстан шыққан кірпіштерді төсеуге жәрдемдестік".
Мектеп әкімшілігі жеткізген бірнеше қап кірпіш жолдағы ойықтың барлығын бірдей бітеуге жетпейді. «Асарлатып жасалған жұмыс балалардың қауіпсіздігін сақтауға, діттеген жеріне аман жетуіне сеп болар»,- дейді әлеуметтік педагог. Алда кірпіш төсеу жұмыстары жалғасады. Саяжайлықтар жылдар бойы қордаланған коммуналық мәселелер шешімін таппаса да, балалардың қауіпсіздігі үшін жағдай жасалса екен деген өтініштерін билікке тағы бір мәрте жолдады.