Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бас қаладағы «SANA» оқушылар сарайын аралап көрді.Бес қабатты заманауи ғимаратта 5 пен 17 жас аралығындағы жеткіншектерге арналған 60-тан астам үйірме мен спорт секциялары жұмыс істейді.

Заман талабына сай бой көтерген білім нысан техникалық шығармашылық, сәндік-қолданбалы өнер, әлеуметтік ғылымдар, музыка және хореография, спорт секілді бірнеше бағытқа бөлінген. Орталық бір мезгілде 700 баланы қабылдай алады. Аумағы 7500 шаршы метр ғимаратта соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған оқу кабинеттері, жүзу бассейні, акт залы, подкаст және фото студиялары бар. Мемлекет басшысы Lego құрастыру, роботты техника, 3D-модельдеу және қыш өнері, ұрмалы аспаптар, домбыра үйірмесі кабинеттері мен жүзу бассейнін аралап көрді. Сондай-ақ Президент орталықтың оқытушыларымен, балалармен және ата-аналармен әңгімелесті. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 2029 жылға дейін елордада осындай 15 оқушылар сарайы бой көтереді. Оның ішінде 5 орталықтың құрылысы жуық арада басталады. Президент бұдан кейін «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станцияларының, сорғы-сүзгі станциясының және үшінші ЖЭО-ның құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Мемлекет басшысына аталған газ жылу станциялары биылғы жылыту маусымының басынан бастап іске қосылатыны жөнінде баяндалды. Жыл аяғына дейін үшінші ЖЭО-ның құрылысы аяқталады. Үш жаңа нысан қаланы қосымша жылумен қамтамасыз етеді. Оның қуаты – сағатына 1140 гигакалорий. «Тұран» газ жылу станциясының екінші кезеңінің салынуы және «Тельман» жаңа газ жылу станциясы қуаты сағатына 850 гигакалорий болатын қосымша жылу береді.Құрылыс компаниясының өкілдері Қазақстанда газ жылу станцияларының өндірістегі отандық үлесін арттыру үшін газ жабдықтарын өндіруші кәсіпорынмен арада уағдаластықтар бар екенін алға тартты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ