Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Шет елдік ескі және қауіпті жүк көліктері мен автобустарды «жалған құжатпен рәсімдеді» деген айып орталықтың 59 маманына тағылып отыр. Олар ауаны ластайтын яки дизельмен жүретін көліктерден аз мөлшерде алым алып, елге заңсыз кіргізіп отырған. Нәтижесінде, ел бюджетіне 14.3 млрд теңгеге шығын келген. Бұл туралы қаржы мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов айтты.
ӘЛІБЕК ӘБДІЛОВ ҚР ҚАРЖЫ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: «Мамандандырылған ХҚКО-ның 59 лауазымды тұлғасы мен мемлекеттік органдардың қызметкерлерінің қатыстылығы тексерілуде. Көлік құралдарын заңсыз бастапқы тіркеудің негізгі схемалары анықталды. Алаяқтық схемаларды ұйымдастырушылар арнайы ХҚКО-ға бастапқы алымның ең төменгі мөлшерлемесін төлеу мақсатында шығарылған күні өзгертілген жалған түбіртектерді ұсына отырып, автокөлікті есепке қоюды жүзеге асырған. Кейбір жағдайда тіркеу (2016 ж. бұрын) Egov порталы арқылы онлайн режимінде, жалған құжаттарды пайдалана отырып, ресми дилерден сатып алынған және жаңа КҚ ретінде алымдарды төлеу арқылы жүргізілген».