«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарына өз ісін дамытуға, жабдық сатып алуға, жаңа жобаларды іске қосуға және жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Ауыл бизнесі үшін жеңілдетілген қаржыландыру - бұл тек несие алу мүмкіндігі ғана емес. Ең бастысы - одан кейінгі өзгерістер: қажетті жабдықтар сатып алынады, өндіріс іске қосылады, тапсырыс көлемі артып, жаңа жұмыс орындары ашылады.
Алматы облысында бағдарламаның операторы ретінде 2023 жылдан бері «Қонаев» ӘКК» АҚ жұмыс істеп келеді, ал бюджеттік бағдарламаның әкімшісі - Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасы. 2026 жылы бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 4,9 миллиард теңге бөлінді. Осы қаражат есебінен өңірде 355 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Кәсіпкерлер үшін бұл бағдарлама жай ғана жеңілдетілген қаржы көзі болып қалмайды. Бірі үшін бұл - жабдық сатып алып, өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берсе, екіншісі үшін - шағын сауда нүктесінен толыққанды бизнеске өтудің тиімді жолы.
Айсұлу Айқожаева Жамбыл ауданының Қайназар ауылында тұрады. Ол 1998 жылдан бері тігіншілікпен айналысады. Кәсібін Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылындағы шағын нүктеден бастап, өзі тіккен перделерді сатумен айналысқан. Кәсіпкер бұл істі өз бетінше дамытып келді, алайда бизнесті кеңейту мүмкіндіктері әрдайым шектеулі болды. Айсұлу «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы білгеннен кейін тігін машиналары мен қажетті жабдықтарды сатып ала алды. Бүгінде оның үйінің ауласында жеке тігін цехы салынып жатыр.
«Мен көп жылдан бері тігін ісімен айналысып келемін және әрқашан өз өндірісімді дамытқым келді. Бұрын табыстың үлкен бөлігі микроқаржы ұйымдарындағы несиелерді өтеуге кететін - жоғары пайыздық мөлшерлемелер бизнестің дамуына айтарлықтай кедергі келтірді. “Ауыл аманаты” бағдарламасының арқасында жағдай өзгерді. Қазір алға нық қадам басып, кәсібімді кеңейте алатынымды шынайы сезінемін», - дейді Айсұлу.
Бизнестің өсуі жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етті. Егер бұрын кәсіпкер негізінен жалғыз жұмыс істесе, бүгінде оның командасында тігінші мен курьер бар.
«Бұрын өзім ғана жұмыс істейтінмін. Қазір жанымда жұмысшылар бар, тапсырыстар көбейді, цех салынып жатыр. Осындай өзгерістерді көргенде, төккен теріңнің нәтижесін сезінесің», - дейді Айсұлу.
Тағы бір мысал - Жамбыл ауданында бірнеше жылдан бері жол бойындағы дәмхананы дамытып жүрген Лаура Асқарова. Уақыт өте келе тағам әзірлеуге деген қызығушылығы кәсіпкерді жартылай фабрикаттар өндіретін жеке цех ашуға ынталандырды. Жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі туралы Лаура әкімдіктен біліп, бағдарламаға қатысу үшін қажетті құжаттарын тапсырды. «Қонаев» ӘКК» оған бес жыл мерзімге жылдық 2,5 пайызбен несие берді.
Алынған қаражатты кәсіпкер өндірістік асүйді жабдықтауға жұмсады: пеш, қамыр илейтін аппарат, еттартқыш, қамыр жаятын машина және басқа да қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Бүгінде өндіріс дамып, жеке бренді қалыптасты, тапсырыс саны артып келеді. Жұмыс көлемінің өсуімен бірге жаңа жұмыс орындары да ашылды.
«Мен өз цехымды ашуды баяғыдан армандадым. Әрқашан тамақ дайындағанды ұнататынмын және адамдарға біздің өнімдеріміз ұнайтынын көріп жүрдім. “Ауыл аманаты” бағдарламасы мен “Қонаев” ӘКК-нің қолдауының арқасында қажетті жабдықтарды сатып алып, өз идеямды толыққанды өндіріске айналдыра алдым», - дейді Лаура.
Ассортимент те кеңейіп келеді. Қазір цехта тұшпара, мәнті, вареник және басқа да жартылай фабрикаттар дайындалады. Өнімдер біртіндеп бастапқы сауда нүктесінің шеңберінен шығып, жаңа тұтынушыларға жол тартуда. Кәсіпкердің өзі де бизнесін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.
«Қазір тапсырыстар көбейіп келеді, бұл өте қуантарлық жайт. Сатып алушылардың қайта келуі үшін өнімнің сапасы мен дәмін сақтауға тырысамыз. Жоспарда - несиені мүмкіндігінше ертерек өтеп, кейін қайтадан қаржы тартып, өндірісті ұлғайту бар», - дейді Лаура өз жоспарларымен бөлісіп.
Айсұлу мен Лаураның мысалынан бағдарламаның нәтижесі анық көрінеді: жабдықтар сатып алынды, жаңа цех салынып жатыр, тапсырыс саны өсуде, жұмыс орындары ашылуда. Кәсіпкерлердің өздері үшін бұл - бизнесті дамытудың келесі кезеңіне өту деген сөз. Жамбыл ауданында 2023 жылдан бері 204 кәсіпкер жалпы сомасы 1,855 миллиард теңгеге жеңілдетілген несие алды. Мұндай жобалар ауылдық аумақтарды дамытудың маңызды бір бөлігіне айналып отыр. Есептегі құрғақ санның артында нақты жұмыс істеп тұрған бизнес, жаңа жұмыс орны және отбасының қосымша табысы тұр.
