Көрнекті жазушы, еліміздегі детектив жанрының негізін қалаушы, журналист, қоғам қайраткері Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде заманауи үлгіде жасақталған Кемел Тоқаев аудиториясы ашылды. Сондай-ақ «Детектив дарабозы» атты кітаптың тұсауы кесілді.
Кемел Тоқаев – дара талантымен журналистік, әдеби ортаға ерте танылған қайраткер, қарымды қаламгер. Бүгінгі өткен салтанатты рәсімге мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, тарихшылар, зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы қатысты. Жиылғандар алдымен Әл-Фараби кітапханасы қорындағы Кемел Тоқаевтың кітаптары мен өмірінің жарқын сәттерінен түсірілген фотосуреттер қойылған көрмені аралап көрді. Онда қайраткер тұлғаның газет беттеріне шыққан мақалалары, құжаттар мен майдандастарының естеліктері қойылған.
Аудиторияның ашылу салтанатында университет басшысы Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйлеп, Кемел Тоқаевтың еңбек жолына тоқталды. Өз сөзінде ректор Кемел Тоқаев тек қазақ детектив жанрының ғана емес,Орталық Азия әдебиетіне ерекше үлес қосқан қаламгер екенін атап өтті.
ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ-РЕКТОР: «Кемел Тоқаев ағамыз университетті бітіргеннен кейін көптеген жылдар журналистика саласында жұмыс істеп, газет-журналдарда жұмыс істеді. Одан кейінгі 70 жылдары Вестник, Хабаршы, Жоғары Кеңес үкіметтің «Хабаршы» журналын басып, сол кезде де өзінің еңбегін сіңірді. Былай қараған кезде, ол кісінің өмірі: қоғамдық қайраткерлік, журналистика, жазушылық осындай 3 салаға бөлуге болады».
Шара барысында Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай басылып шыққан «Детектив дарабозы» атты кітаптың тұсауы кесілді. Бұл жинақ үш бөлімнен тұрады. «Кемел көкжиегі» деп аталатын бірінші бөлімде жазушының бұрын кітапқа жинақталмаған көркем-публицистикалық туындылары берілген. «Қаламдастар құрметі» деп аталатын екінші бөлімде кемел тұлға туралы айтулы ғалымдар мен замандастарының естеліктері жинақталды. Ал «Ізбасарлар ізеті» деп аталған үшінші бөлімде Кемел Тоқаев туралы қазіргі қазақ журналистерінің, әдебиетші ғалымдардың мақалалары топтастырылған. Кітапқа ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінен алынған материалдар енгізілді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың түрік тіліне аударылған «Әке туралы ой-толғау» кітабы таныстырылды.
ВЛАСТИМИЛ САМЕК БҰҰ ЖАҺАНДЫҚ КОММУНИКАЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ӨКІЛІ БҰҰ ҚР АҚПАРАТ БЮРОСЫНЫҢ БАСШЫСЫ «Құрметті қауым, шақырғандарыңыз үшін барлықтарыңызға рахмет! Детектив жанрның негізін қалаушы, қаламгер Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы үлкен ауқымда аталып өтуде. Осындай жиынның ортасында болғанымызға қуаныштымыз».
Алқалы жиында ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері Кемел Тоқаевтың азаматтық қыры мен жазушылық сыры туралы пікір білдірді.
АЛМАСБЕК МАУЛЕНОВ ЖАМБЫЛ АТЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР: «Бұл кісінің қазақ әдебиетіндегі өзіндік алатын орны бар. Міне бізге бейтаныс, тек қана шетелдік әдебиеттерден ғана танылып келген детектив жанрның шытырман оқиғаға толы шырғалаң дүниені әдебиетке алып келуі бұл кісінің осы саладағы негізгі еңбектерінің бірі деп айтсақ болады».
Кемел Тоқаев атындағы аудитория замануи үлгіде безендірілген. Онда жазушының шығармалары, жинақтары және қаламгер туралы жазылған кітаптар, фотосуреттер қойылған. Білім алушы жастардың емін-еркін сабақ оқуларына жағдай жасалған. Айта кетейік, ағымдағы жылы елімізде ғана емес, барша Түркі әлемінде жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы кең көлемде тойланып жатыр. Қаламгерлер мен өнер адамдары — халық айнасы болып қала бермек.