Қазақстан мен Қытай арасында бизнес, сауда туризм салаларына қатысты 8 түрлі келісімшарт жасалды. Аталған меморандумға Астанада өткен «Қазақстан-Қытай сауда-инвестициялық» конференциясы аясында қол қойылды.
Қытай Қазақстанның басты сауда серіктесі және инвестиция салатын бесінші негізгі ел. Былтыр Мемлекет басшысының жарлығымен 2024 жыл Қытайдағы Қазақстан туризм жылы деп жарияланған болатын. Нәтижесі жаман емес. Туристер саны бірден 20 есе артқаны байқалады.
ЕРЖАН ЕРКІНБАЕВ ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: «Былтырдан бері Қазақстан мен Қытай сауда айналымы бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда артты. 2024 жыл Қытайдағы Қазақстан туризм жылы деп жарияланғаннан кейін екі ел арасында туристер саны 20 есеге дейін өсті. Биыл Қытайда Қазақстандық тараппен жалпы саны 37 мәдени іс-шара өткізілді. Оның барлығы дерлік жоғары дәрежеде өтті. Біз бұл достық қарым-қатынасты бағалаймыз, ары қарай да жұмыс жалғасатын болады».
Аспан асты елімен кәсіптік негіздегі жұмыстар да сәтті жалғасын тауып келеді. Екі елдің кәсіпкерлері өзара ынтымақтасып, сауда – саттық саласында оңтайлы жұмыс істеп жатыр.
РАЙЫМБЕК БАТАЛОВ «АТАМЕКЕН» ҚР ҰКП ТӨРАЛҚА ТӨРАҒАСЫ: «Қытай мен Қазақстан ежелден тату көрші, сол достық әлі жалғасып келеді. Ауыл шаруашылығы, баламалы энергия, электронды сауда, туризм саласында жан-жақты стратегиялық әріптестік орнатуда. Қазақстандық кәсіпкерлер үшін Хайнань қаласы мүмкіндіктер қаласы саналады. Сауда саттық саласы жақсы қарқында дамып келеді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қашан да кәсіпкерлерді қолдайды. Инвестор тартуда да белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жұмыстар тоқтамайды. Жалғасатын болады».
РУСЛАН ТҮЛЕНОВ ХАЙНАНЬ ПРОВИНЦИЯСЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ БЮРОСЫ ИЫД ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Хайнань 700-дей Қытайлық кәсіпорынның екінші үйіне айналды. Олардың активтерінің жалпы саны121,9 млрд АҚШ долларды құрайды. Осыдан-ақ Хайнаньның деңгейін анықтай беруге болады. Шет елдік инвесторларға да Хайнань ашық. Аспан асты мемлекетінде кәсіп бастаймын деген кәсіпкерлер үшін барлық мүмкіндік бар».
Астанада өткен «Қазақстан-Қытай» сауда-инвестициялық конференциясы аясында 8 бірдей келісмшартқа қол қойылды. Олардың арасында Астана мен Алматы қалаларынан Қытайдың ірі шаһарларына әуе тасымалын жиілету, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты келісім және Хайнань қаласы кәсіпкерлерімен бірлесіп отандық кәсіпкерлердің саудасын ілгерілетуге жол ашатын келісімдер де бар. Қазақстан мен Қытай көрші мемлекет көрші елдермен сауда-саттықты дамытуды көздейді. Негізінен шегаралас сауда-саттықты дамытуға күш салынады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу оның логистикасы және қойма кіреді. Импорт пен экспорт шикізат тауарларын қайта өңдеуге де басымдық берілмек. Бұл жоба Қазақстан үшін де ерекше тиімді болып отыр. Бірнеше мемлекетаралық байланыс, транзит, логистиканың басым бөлігі Қазақстан арқылы жүргізіледі. Былайша айтқанда Қазақстан бұл жүйеде алтын көпір рөлін атқарады. Қазірдің өзінде 11 компания 5 бағыт бойынша келісім-шарт жасады. Оның ішінде қазақстандық компания өкілдері де бар.