Сұйытылған газды шетелге заңсыз шығарудың 14 дерегінің жолы кесілді. Әлі де болса бұл мәселені бақылауға алу керек. Премьер-министр шекаралас өңірлердегі жағдайды басты назарда ұстауды тапсырды. Бүгін министрлер кабинеті халықты газбен қамтамасыз ету мен көгілдір отынның шет мемлекеттерге заңсыз шығарылмау мәселесін қарады. Толығырақ алдағы бейнесюжетте.
2030 жылға дейін елімізде 4 газ өңдеу зауыты ашылады. Атап айтсақ, Қашаған кен орнының шикізаты негізінде – қуаты жылына 1 және 2,5 млрд текше метр, Қарашығанақ кен орнының шикізаты негізінде – қуаты жылына 4 млрд текше метр, сондай-ақ Жаңаөзен қаласында қуаты жылына 900 млн текше метр газ өңдеу зауыты салынады. Оған Катарлық инвесторлар жауапты. Бұл жобалардың халыққа пайдасы көп болады. Бірінші кезекті, ел халқы газға қол жеткізеді, екіншіден, газбен жүретін көліктер үшін бағаны ұстап тұрады, үшіншіден ел экономикасының өсуіне сеп болады.
АЛМАСАДАМ СӘТҚАЛИЕВ ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
«Ағымдағы жылы газдандыруды жалғастыру мақсатында биыл республикалық бюджеттен 89,3 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ, іс-шаралар жоспары аясында Үкімет қосымша 105,4 млрд теңге бөлген. Бұл 300 мыңнан астам адамды газбен қамтамасыз етіп, 1700 шақырымнан астам газ желісін жаңғыртуға мүмкіндік береді. Ел тұтынушыларын газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін ірі стратегиялық инфрақұрылым жобаларын іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырының екінші желісін, «Ақтөбе – Қостанай» магистралды газ құбырын, «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырын салу».
Өткен жылдың қорытындысы бойынша ел халқының 60%-ы немесе шамамен 12 млн адам газға қол жеткізген болса, биыл 300 мыңнан аса адам газбен қамтылады. Яғни, тұрғындардың тарапынан да газ тұтыну көлемі өсіп келеді. Елді мекендерді газдандыру белсенді жүріп жатыр. Жаңа өнеркәсіп объектілері де іске қосылуда. Сондықтан газ тапшылығына жол бермеу маңызды. Қуат көздерін арттыру үшін инфрақұрылымды жаңғыртуды және газды барлау мен қайта өңдеуге инвестициялар тартуды жеделдету қажет деді үкімет басшысы.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
«Үкіметке азаматтардан газбен жабдықтау мәселесіне қатысты көптеген арыз-шағымдар келіп түсіп жатыр. Тиісті мекемелер бірінші кезекте, халыққа сапалы қызмет көрсетуге жұмылдырылуы қажет. Туындаған проблемаларды дереу шешу керек. Алматы өңірінің газға деген қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін «Алматы-Байсерке-Талғар» газ құбырының екінші желісінің жобасы іске асырылып жатыр. Алайда, газ құбырының қорғау аймағында жекеменшік құрылыстардың болуына байланысты жерлерді алу қажеттігі туындап отыр. Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдіктеріне бұл жұмысты жедел жүргізуді тапсырамын».
Одан бөлек, премьер-министр Олжас Бектенов сұйытылған мұнай газын бақылауды да қатаң тапсырды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
«Қазақстанда оның бөлшек саудадағы бағасы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және алыс шет елдермен салыстырғанда шамамен 2 есе төмен. Ал бағаның төмен болуы ірі көлемде сұйытылған газдың шектес елдерге заңсыз шығарылуына әкеп соқты. Мен бұған дейін тиісті мемлекеттік органдарға сұйытылған газдың «көлеңкелі» экспортын, оның ішінде қылмыстық жауапкершілікті белгілеу арқылы жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырдым. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректеріне сәйкес, сұйытылған мұнай газын шетелдерге заңсыз шығарудың 14 фактісінің жолы кесілді. Бұл жұмысты жалғастыру қажет. Әсіресе, тұтыну көлемі негізсіз құбылып отырған Атырау және Абай облыстары мен бірқатар шекаралас өңірлердегі жағдайды ерекше бақылауға алуды тапсырамын».
Енді көлікке газ-баллон орнату қатаң бақыланатын болады. Оны ішкі істер министрлігі мен энергетика министрлігі жіті қадағайлады. Себебі, көлікке газ орнату кезінде небір құқық бұзушылық фактілері көбеюде. Көлікті қайта жабдықтау және техпаспортта тиісті белгі болмаса жауапкершілік артады. Бұл да бүгін үкіметте премьер-министр Олжас Бектеновтің берген тапсырмасы.