"

Қазақстанда оқу бағдарламалары әр 5 жыл сайын өзгертіліп тұратын болды. Бұл өз кезегінде балаларды технологиялардағы, цифрландырудағы басқа да әлемдік өзгерістерге икемдеу үшін қажет.  Бұл туралы бүгін  «Digital Kazakhstan: заманауи білім беру» тақырыбында Астанада өткен республикалық тамыз конференциясында Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова айтты. Бүгінде Ыбырай Алтынсарин атындағы академия ұжымы жаңа оқу бағдарламаларын әзірлеп те қойыпты. Жаңа бағдарлама екі жыл бойы жасалынған. Онда басымдық цифрландыру мен ақпараттандыру және айти мен робототехникаға екпін беріледі.  Алайда, ол жүйе бірден енгізілмейді. Кезең-кезең бойынша жүреді. Алғашқы кезең 2025-2026 оқу жылынан басталады. Жаңа бағдарламаға ұстаздар мен мектептер біртіндеп дайындала беруі керек. Сонымен қатар педагогтерді дайындайтын жоғарғы оқу орындары мен колледж бағдарламалары да қайта қаралатын болады. Айтпақшы, мұғалімдерді аттестаттауға қатысты да, студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге де қатысты  бірқатар жаңашылдықтар бар.  

ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Мұғалімдердің кәсіби өсуі - негізгі мәселелердің қатарында. Сондықтан аттестаттау ережелері де қайта қаралды. Талаптарға сай ол ережелер әлі де өзгереді. Қазір қолданыста 2 жүйе қатар пайдаланылып жүр. Оны өздеріңіз білесіздер. 2025 жылдан бастап 2018 жылы басталған жүйе толығымен іске қосылады. Келесі жылдан мұғалімдердің сатылап кәсіби өсуін ынталандыратын 2018 жылдан бастау алған жүйе толығымен іске қосылады. Қазіргі таңда мұғалімдердің 80% сол жүйемен аттестатталып, санатын жоғарылатып еңбекақысын көбейтті. Ендігі кезекте бұл жүйені денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қолдау салаларында еңбек етіп жүрген педагогтерге де оны енгізу қажет».