Қазақстанда құрғақшылық басталады. Осы мамыр айында еліміздің үш бірдей аймағында қуаңшылық болу қаупі бар. «Қазгидромет» солай деп болжам жасады. Сәуірде жауған жауын-шашын мөлшері тым аз болғандықтан Қызылорда, Қостанай, Павлодар облыстарында құрғақшылық күтіледі.Одан бөлек, ауа-райын болжаушы мамандар Жетісу облысына да қауіп төніп тұр дейді.
АЛИНА ИСМАГУЛОВА «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
«2024 жылғы 6-7 мамыр аралығында қатты жауын-шашын болжамына байланысты Жетісу облысының тау және тау етегіндегі аймақтарда беткейлік ағындының қалыптасуы және өзендерде су деңгейлерінің көтерілуі күтіледі, сонымен қатар судың жайылуы мен су басуы мүмкін».
Алдағы мейрам күндері Қазақстанда тұрақсыз ауа-райы сақталады. Еліміздің басым аймағында жел соғады. Тіпті Солтүстік өңірде үсік жүруі мүмкін. Сондықтан, жауапты мамандар алдамшы ауа-райы кезінде барынша сақ болып, жылы киініп жүруге кеңес береді. Демалыста лажы болса, көкке шықпаған абзал. Себебі, күн де жер де әлі жылымаған көрінеді.