Қазпошта жұмысы жанданады. Енді танымал шетелдік интернет дүкендердегі тапсырыстарды Казпошта арқылы алдыртуға болады. Бұл әсіресе, шалғайда орналасқан ағайын үшін қуанышты жаңалық болғалы тұр. Қысқасын айтқанда тауарды маркетплейстерден үйге жеткізу жеңілдейді.
Бүгін Мәжіліс депутаттары «Пошта қызметін жетілдіру» туралы заңға енген өзгерістерді бірінші оқылымда мақұлдады. Толығырақ алдағы бейнематериалда. «Пошта туралы» заң 2016 жылы қабылданған. Бар-жоғы 45 баптан тұратын шағын заң. 2016 жылдан бері бұл заңға өзгеріс енгізілмеген жыл жоқ екен. Жыл сайын енгізілген. Бір жылда бір рет өзгеріс енгізілсе, бір сәрі, алайда жылына бірнеше реттен өзгеріс енгіземіз. Заңның тұрақтылығын қашан қамтамасыз етесіздер? Бұл заңның сапасыз екенінің көрінісі ме? Бұған дейін неге бірден қамтымадық? Тоқсан сайын осы заңды қарап отырамыз ба?» Осылай деген депутат Абзал Құспан пошта туралы заңға биыл бесінші рет өзгеріс енгізілгелі жатқанын айтып, сынады. Ал, өз кезегінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек қазір бәрі тез өзгеріп жатқан заман, сондықтан бұл орынды процесс дейді. Бұл пікірді Казпошта басшысы мақұлдап отыр. «Заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер енгізіп, заманға сай ету керек. Өйткені нарықта бәсекелестеріміз көбейіп жатыр. Поштаның аяққа тұрып, беделді болуына қолдау көрсетіп жатқандарыңызға өзімнің және 20 мың пошташының атынан алғыс айтқым келеді. Осы заң бізге стратегия жасауға үлкен көмек береді. Жыл сайын технология өзгеріп жатқандықтан біз жылдамырақ болуымыз керек». Депутаттар келтірген дерекке сенсек, Қазпоштада қазір 3 мың мекеме бар, онда 20 мың адам жұмыс істейді. Олардың ай сайынғы алатын жалақылары 160 мың теңге. Ал, осы ұйымды басқарып отырған басшының айлығы 1 млн 200 мың теңге. Оны Әсел Жанасова жасырмады. Алайда, қатардағы пошташылар үшін 160 мың теңге жеткілікті дейді. Кей елді мекендерде олар тіпті күніне екі сағаттай ғана жұмыс істейді-мыс. Айтпақшы, поштада тек қызмектерлер ғана емес, тиым салынған заттарды анықтайтын иттер де бар. Олардың көмегімен биыл есірткі жіберудің 7 дерегі анықталған. «Біз құқық қорғау органдарымен байланыс орнатқан жалғыз жеткізушінің бірі шығармыз. 2 жылда біз не істедік? Біз бүгінде мұндай мәселе барын түсініп, құқық қорғау органдарына осындай деректерді анықтауға көмектесіп жатырмыз. Біріншіден, біздің қоймаларда және сұрыптау орталықтарында арнайы иттер жұмыс істейді. Олар (есірткіні) анықтайды. Барлық жерде рентген аппараттары қойылған. Биыл біз есірткі салынған 7 деректі анықтап, құқық қорғау органдарына материалдарды бердік. Былтыр 5 дерек тіркелген болатын».
Сонымен депутаттар заңды қабылдамас бұрын Қазпоштаға өңірлерде дәрі-дәрмектерді жеткізу бойынша логистикалық әріптес болуына мүмкіндік беру керек деді. Бұл оператордың инфрақұрылымын сақтап қалуға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге және болашақта дәрі-дәрмектерді «есікке дейін» жеткізуді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Аталған заң бірінші оқылымда мақұлданды. Одан бөлек, мәжіліс отырысында депутаттар қыз алып қашу мәселесін көтерді. «Қыз -тауар да емес, зат та емес» деп қыз өсіріп отырған депуттар дабыл қақты. «Тәрбие мәселесі өзекті. Ол күлетін зат емес. Бәріміз қыз асырап отырмыз. Қыз алып қашу етек алып кеткен жағдай. ХХІ ғасырда әке-шешісімен келіспей, қызбен сөз байласпай, көшеден көрінген адамды салып алу дұрыс емес. Ол тауар емес, зат емес, ол – адам. Мұндай жағдай оның тағдырына әсер етеді. Ал бұл қоғамдағы үлкен дерт. Бұл мәселеге қылмыстық жауапкершілік қарастыру керек. Қарсы болып жүрген мемлекеттік органдарды түсінбеймін. Яғни олар оны қолдап отыр. Қызды сыйлау, қызды құрметтеуді балабақшадан бастап баланың миына құю керек. Себебі қыз – ол болашақ ана. Егер біз болашақ ананы қорғамайтын болсақ, онда мемлекеттік болашағы жоқ деген сөз. Ол күлетін, ойыншыққа айналдыратын дүние емес. Бұл мемлекеттің қауіпсіздігі». Біз дамыған, жетілген, мәдениетті қоғамда тұратын болсақ, мәдениетті болуымыз керек деген депутаттар қазақ жігіттеріне Парламент төрінен үндеу жасады.