Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытай университеттерінің көрмесі өтті. Шараны ҚазҰУ мен ҚХР стипендиялық кеңесі және Алматы қаласындағы ҚХР бас консулдығы ұйымдастырды.
Көрмеде Қытайдың 45-ке жуық ең үздік университеті академиялық қызметі туралы ақпарат беріп, ғылыми жетістіктерімен бөлісті. Сондай-ақ білім алушы жастарға халықаралық бағдарламалар арқылы оқуға түсу мүмкіндіктерін таныстырып, қабылдау ережелерін түсіндірді.Жиында Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, Қытай университеттері көрмесінің ҚазҰУ-да өтуі Қазақстанның білім, ғылым саласындағы елеулі оқиға екенін атап өтті.«Қазіргі таңда ҚазҰУ Қытайдың 51 жоғары оқу орнымен серіктестік орнатып, тығыз жұмыс істеуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапары аясында оқу ордасында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын ашу жөнінде келісімге қол жеткізілді. Ағымдағы жылдың қазан айында аталған филиал ашылып, жұмысын бастады.
Шара барысында Қытай ЖОО-ның соңғы онжылдықтағы жетістіктерін таныстырылды. Қытайлық ЖОО қызметкерлері өз ойларымен бөлісті.
ZHANG JIAJIA ШАНХАЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БИЗНЕС ЖӘНЕ ЭКОНОМИКА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: «Қазақстанға тұңғыш келіп отырмын. Көрме өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Біздің университетімізде Қазақстаннан келген студенттер білім алады. Және олардың білімділігі,адамгершілігі мен мәдени деңгейлеріне өте таң қаламыз. Олар қоғамға әрдайым жақсылық сыйлап дамуды көздейді. Осы көрмеге келу арқылы Қазақ елінің өсу мен дамуын көріп отырмыз. Қазақстан мен Қытайдың ЖОО арасындағы достығының нығаюын қалаймыз».
WANG XUEYUAN HARBIN ПОЛИТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ СТУДЕНТТЕРДІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЛМАСТЫРУ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: «Сәлеметсіздер ме. Қазақстандағы бірқатар оқу орындарымен соның ішінде ҚазҰУ мен біздің университет арасында тығыз қарым қатынас бар. Бұл жолғы көрмеге өзіміздің университетімізді таныстыратын буклеттер,жарнамалар кішкентай кітапшалар алып келдік. Қазақстан маған өте ұнады. Өте жайлы сезілді. Студенттердің.ұстаздардың жарқын түрлерін көріп мен тамаша әсер алдым».
Жиын соңында қатысушылар көрмені аралап, Қытай мен Қазақстан делегациясы шағын құрамда келіссөз жүргізді. Тараптар серіктестікті нығайтуға, білім мен ғылым саласындағы байланыстарды тереңдетуге баса мән бере отырып, екі ел университеттері арасындағы қарым-қатынастың қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын жан-жақты талқылады.