"

Жетісу облысында қызылша ауруы өршіп тұр. Мамандар эпидемиологиялық ахуал тұрақсыздығына алаңдаулы. Жыл басынан бері 556 жағдай тіркелген. Оның 381- і зертханалық сараптамада расталған. Сонымен қатар, жіті респираторлық вирустық инфекциясы да белең алып тұр. Бұл туралы сала мамандары баспасөз брифингінде айтты.

Қызылша тез жұғатын жіті жұқпалы вирустық ауру. Нақты белгілері: науқастың қызуы көтеріліп, ауыз қуысы мен тыныс жолдары шырышты қабықтары қабынады және терісі қызара бөртеді. Індетті жұқтырғандардың басым бөлігі 5 жасқа дейінгі балалар. Айта кету керек аурудың өршуіне басты себептің бірі - кейбір ата-аналар. Олар бір жастан алты жасқа дейінгі балаларына вакцина алудан бас тартады. Салдарынан науқастанған бала вирусты ауыр қабылдайды.

АСХАТ ЧАРАПИЕВ ЖЕТІСУ ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ «Қазір сіздер және балалар ауырмай жүрсе, ол бізде бұрыннан келе жатқан топтық иммунитеттің барлығының арқасында кейбір адамдар ауырмайды. Бірақ ол жылдан жылға азайып жатыр. Сондықтан біз топтық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың 95 пайызын қамтуымыз қажет».

Бүгінде қауіпті індет облыстың барлық аумағында тіркелген. Сондықтан, қызылшаға қарсы иммундау шаралары қарқынды жүріп жатыр. Елімізде 2007 жылдан бері дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған Үндістанның вакцинасын қолданады. Әзірге, аймақта 10 мыңнан аса адамға вакцина салынды.

БІРЖАН ОСПАНОВ ЖЕТІСУ ОБЛЫСТЫҚ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ «Арнайы вакцина егу арқылы көптеген жұқпалы арудың алдын алдық. Мәселен, сібір жарасы, туберкулез сынды бірқатар індетті жеңдік. Вакциналар бізге ауру тізбегін тоқтатуға мүмкіндік береді. Қазір клиникада 41 науқас қызылшамен жатыр, оның 80 пайызы 5 жасқа толмаған балалар. Яғни бұған дейін ауруға қарсы екпе алмағандар». Мамандар тұрғындарды екпені уақытылы салдыруға шақырады. Сонымен қатар, жеке гигиенаны сақтап, адамдар көп жиналатын жерлеріне аз бару керектігін айтады.