Алматы облысы Қарасай ауданында «Өмірзақ» ықшам ауданындағы 900 орындық мектеп пайдалануға берілді. Білім ордасының ашылуына Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанған Ғұсман Қырғызбаевта келді. Спортшы жас өрендермен кездесіп, оқушылардың жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.

Бүгін Қарасай ауданының оқушыларының таңы ерекше басталды. Жергілікті бюджет есебінен жаңа білім ордасы бой көтерді. Осылайша ауданда 3 ауысымдық мектептердің саны қысқарып, білім беру орындарының қатары артқан. Оқушылар Қазақстандық тотами шеберімен кездесу бақытына ие болды. Спортта азды көпті жетістікке жеткен жастар Ғұсман Қырғызбаевтан шеберлік сағаттарын алды. 

ЖАСҰЛАН ТОҚҚОЖАЕВ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҚАРАСАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ «Бұл мектеп ауданымыздағы жаңадан ашылған білім мекемесінің алғашқысы емес. Атап өтсек, биылғы оқу жылының алғашқы екі күнінде жайлы мектеп жобасы аясында салынған Қошманбет және Елтай ауылдарында заманауи үлгідегі мектеп қолданысқа берілді. Ертең Долан ауылында жаңа мектептің ашылу салтанаты өтеді. Осының нәтижесінде ауданымызда соңғы екі жылда 3 ауысымдық мектептердің саны 12-ден 3-ке дейін азайды» 

Салтанатты шарада аудан әкімі спортшының иығына шапан жауып, құрмет білдірді. Париж Олимпиадасының жүлдегері оқушыларға ізгі тілегін арнады.

ҒҰСМАН ҚЫРҒЫЗБАЕВ ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ  «Білікті бірді жығады, білімді мыңды жығады демекші кішкентай іні, қарындастарыма осы мектепті жақсы бітіріп, үйдегі ата-аналарыңның, ұстаздарыңның мақтанышы болатын мықты азамат пен азаматша болуларыңа тілектеспін. Жаңа мектептің ашылуы құтты болсын!». 

Саланатты шарадан кейін жиналған қауым Б.Соқпақбаев атындағы орта мектепке ат басын бұрды. Талапты да талантты оқушыларды дайындап шығарған шаңырақта спортшымен кездесу  ұйымдастырылды. Оқушылар Ғұсман Қырғызбаевқа көкейде жүрген сауалдарын қойып, жетістікке жету жолдарын ортаға салды. 

ҚОРЛАН ДӘУІТХАНҚЫЗЫ Б.СОҚПАҚБАЕВ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ «Бұл кездесу біздің оқушыларымызға мотивация, жігер береді. Балаларымыздың уақытын бос жібермей, салауатты өмір салтын қалыптастырып, осындай олимпияда чемпионы, әлем чемпионы болу мақсаттарына жетуін қалаймыз. Бүгінгі кездесуден кейін, осындай ой түйді деп ойлаймын. Патриоттық тәрбие аясында, жүзеге асырылып жатқан кездесу молынан бола берсін» 

Еске сала кетейік, 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 54 600 орындық 53 мектеп салу жоспарланған. Осылайша өңірде үш ауысымды оқуды толықтай жоюға және әрбір балаға сапалы білім беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.